ҚАСІРЕТТІ «ҚҰПИЯ»

Жеңістің 25 жылдығы қарсаңында маршал И.С.Коневтің мақала жазуына көмектесуге барған «Комсомольская правданың» тілшісі Евгений Берёзкин былай деп еске алады: «Жазу столының тартпасынан шыққан шағын кітапшаны Иван Степанович алдыма қойды. Соғыстың алғашқы кезеңін қамтитын мәлімет екен». 

«Үш күнде, 25 маусымға дейін, жау ел ішіне 250 шақырым еніп кетті. 28 маусымда Минскіні алды. Смоленскіге ентелей ұмтылды.
Шілденің ортасында 170 кеңестік дивизияның 28-і қоршауда қалды, 70-і жойқын шығынға ұшырады. Қыркүйекте 37 дивизияны, 9 танк бригадасын, 31 артполкті жау Вязьма түбінде қоршауға алды.

Жалпы 1941 жылы қоршауға түскен 92 кеңестік дивизия, 50 артполк, 11 танк бригадасы қайта қатарға қосылмады».
«Фашистік Германия Кеңес Одағына кенеттен басып кірген 22 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 1905-1918ж.ж. туған әскери міндетті азаматты әскери қызметке шақырды. Қысқа мерзімде 10 миллионнан астам адам сапқа қосылды.
2,5 миллион еріктіден жасақталған 50 дивизия мен 200 дербес атқыштар полкі ешбір әскери киімсіз және толық қаруландырылмай соғысқа салынды. Сол ерікті сарбаздың 150 мыңнан астамы ғана аман қалды».

Онда әскери тұтқын туралы да айтылыпты. Мәселен, 1941 жылы: «Гродно-Минск түбінде — 300 000, Витебск-Могилев-Гомель құрсауында — 580 000, Киев-Уманск бағытында — 768 000, Брянск-Вяземск — 663 000…». Тұтқынға түскен кеңес жауынгері жөніндегі мәлімет осылай кете береді.

— Ал, енді, мынаған қара! — деді қабағы қатулы қолбасшы. «Өте құпия!» деп белгі соғылған қағаз цифрға тұнып тұр:
«…Жараланғаны — 46 250 000. Бас сүйегі зақымданғаны — 775 000. Бір көзінен айырылғаны — 155 000, таза соқыр болып қалғаны — 54 000. Бет-әлпеті бұзылғаны — 501 342. Мойны қисайғаны — 157 565. Қарны жарылғаны — 444 046.
Омыртқасы опырылғаны — 143 241. Жамбастан жараланғаны — 630 259. Бір қолмен қалғаны — 3 000 147. Таза қолсыз қалғаны — 1 010 000. Бір аяқтан айырылғаны — 3 255 000. Таза аяқсыз қалғаны — 1 121 000. Ішінара қол-аяғы зақымданғаны — 418 905. Таза аяқ-қолдан айырылғаны — 85 942».

Басымды көтерсем, И.С.Конев қадала қарап тұр екен. Бір сәт сөйлеп кетті:
«Жеңіс деген не? Ең алдымен, ол — баршаға ортақ қасірет. Сансыз азаматынан айырылған Кеңес халқы үшін азалы күн. Ол — көл-көсір көз жасы мен қисапсыз төгілген қан. Миллиондаған жарымжан. Жетім бала мен қараусыз қарт. Талқандалған тағдыр. Алдымен — фашистік, кейін кеңестік лагерьде қорлық көрген боздақ».

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.