Кезектен тыс сессия, жаңа тағайындау

Өткен бейсенбіде Сәтбаев қалалық мәслихатының кезектен тыс шақырылған XXXV-ші сессиясы өтіп, оны мәслихат хатшысы С.Имамбай жүргізді. Сессияның жұмысына Қарағанды облысының әкімі С.Ахметов қатысып отырды. Күн тәртібінде «Сәтбаев қаласы әкімінің лауазымына Б.Қ.Шыңғысовтың кандидатурасына келісім беру» және «Қалалық мәслихаттың депутаты М.В.Бойчуктың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату» туралы екі мәселе қаралды.

Бірінші мәселеге орай облыс әкімі өз өтінішіне байланысты және Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің келісімімен С.Т.Медебаевтың Сәтбаев қаласы әкімі қызметінен босатылғанын хабарлады. Бұл қызметке мәслихат депутаттарының келісімін алу үшін Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Шыңғысов Бауыржан Қабденұлының кандидатурасы ұсынылды.

Қалалық мәслихаттың депутаты Ә.М.Қоңырова Сәтбаев қаласы әкімінің қызметіне Б.Қ.Шыңғысовтың кандидатурасын депутаттық корпустың бірауыздан қолдағанын жариялады.

Сессия жұмысынан кейін облыс әкімі Б.Ахметов қала активінің кеңесін өткізді. Активке «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқармасының төрағасы Эдуард Огай, «Қазақмыс» корпорациясы филиалы «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің бас директоры Талғат Аханов, Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, бүгінгі күнге дейін Сәтбаев қаласының әкімі қызметінде болған Советбек Медебаев және жаңа әкім Бауыржан Шыңғысов, қалалық маслихат депутаттары, мемлекеттік мекеме басшылары мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты.

Облыс әкімі Серік Ахметов Сәтбаев қаласының бұрынғы әкімі Советбек Медебаевтың өз еркімен қызметтен босатылғанын айтып, қаланың жаңа әкімі Бауыржан Шыңғысовпен таныстырды. С.Медебаев жиналғандар алдында өзі басқарған уақыт ішінде депутаттар тарапынан да, қала халқынан да қолдау көргендігін атап айтып, алғысын білдірді.

Одан кейін сөз алған Б.Шыңғысов өзіне жүктеліп отырған сенімді ақтайтынын, Елбасының қойған мақсаттары мен міндеттерін орындауға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Активпен кездесуде облыс әкімі одан әрі Жезқазған өңірін дамытудағы кешенді жоспарға тағы бір мәрте тоқталып өтті. 2011-2015 жылдарға арналған өңірді дамыту жобасы пысықталып, зерттеліп-зерделену үстінде екендігін және жоспардың жобасын жасарда ең алдымен қала жұртшылығынан түскен өтініштер мен тілектердің басты назарға алынғандығын айтты.

Жобада ең алғаш орында шикізатты зерттеу орталығы мен шағын және орта бизнесті дамыту, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығында жасалатын модернизация, индустриалды-инновациялық жобалар жасауды және Қызылорда-Арқалық темір жолы және тас жол салу секілді бірқатар әлеуметтік әрі экономикалық мәселелер қаралмақ.

Алқалы жиында Серік Ахметов бұрынғы әкім қызметінде болған Советбек Тұрсынұлына алғыс айтып, жаңа әкімді жаңа қызметімен құттықтап, еңбегіне табыс тіледі.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алдымызға қойған міндеттерін жүзеге асыруда қаламызды, өңірімізді өркендетуге еңбек етейік. Биылғы жыл –  еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Осы мерекені лайықты қарсы алайық, – деді облыс басшысы.

М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.