ҚЫЗМЕТІ ҚАНАҒАТТАНДЫРМАЙДЫ

Көршің кесапат болса, көрген күнің — тозақпен тең. Сондай біреу бізбен сенектес тұрады. Бұрынғы көрші біткен күдер үзіп қойған, дым демейді. Жағаласып келе жатқан, бұдан бес жыл бұрын осында қоныс аударған, біз ғана.

Оның кесапаттығы сол — тәуліктің кез келген мезгілінде музыка қойып, мазаңды алады. Түн жарымында шырт ұйқыдан оянып, талай рет полиция шақырдық. Учаскелік полиция бекетіне де, бөлімшеге де бардық. Бар тапқан пайдамыз — әлгі көрші түнгі сағат 11-ден таңғы сағат 7-ге дейін тыныштық кетіргеннен тиылды.

Есесіне күндіз «көкесін көрістіретін» болды. Баспана емес, жындыханада жүргендей сезінесің. Кейде тынықпақ түгіл, бөлме-бөлмені кезіп кетесің. Кезекшілік бөліміне немесе учаскелік полиция қызметкеріне телефон шалғаннан пайда шамалы: «Түнгі сағат 11-ге дейін түк істей алмаймыз» деп, құтылады.

Былтыр «бірдеңе істеуге болатынын» білдім. Тіпті тиісті заң бар екен. Онда көп қабатты үйде күндізгі мезгілде дыбыстың мөлшері қандай болуы керектігіне дейін көрсетілген. Бірақ, учаскелік полиция қызметкері оған онша құлықты емес. Себебі, көршінің тәртіп бұзғанын мойындату үшін көп уақыт пен күш жұмсауға тура келеді.
Қысқасы, тәртіп сақшысының қызметі түк қанағаттандырмайды. Ал, кесапат көрші күн ұзақ ойына келгенін істейді…

АЯУЛЫМ,
(Мекен-жайы редакцияда).

Комментарии закрыты.