Қызықты каникул күндері

Қала мектептері жанындағы жазғы сауықтыру алаңдарының әр күні уақыт өткен сайын қызықты өтуде. Балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуді мақсат еткен тәрбиешілер бұл бағытта тың идеяларымен бүлдіршіндерді баурай түсуде…

Сондай бір іс-шараға қалалық оқушылар сарайының ұжымы мұрындық болды. Мұнда мектептер жанындағы барлық сауықтыру алаңдары оқушыларының қатысуымен «Фантазия күні» деп аталатын сән байқауы өткізілді. Байқау ережесі бойынша оқушылар қыз және ер балалардың шаш үлгілерін жасаудан, дәстүрлі емес материалдарды пайдаланып кешкі көйлек үлгілерін тігуден және жаздық шляпалар дайындаудан өзара бақ сынасты. Мұнда оқушылар жоғары талғам мен ой ұшқырлығын шебер байланыстыра білді.
Байқаудың қорытындысында С.Сейфуллин атындағы гимназиядан келген шеберлер бірінші орынды, Абай атындағы №4 мектеп-лицейінен келген ісмерлер екінші орынды, №3 мектеп жанындағы сауықтыру алаңының саңлақтары үшінші орынды иемденді. Сондай-ақ, өзге мектептерден келген балды бармақтылар «Самая оригинальная шляпа», «Красивая прическа», «Юные модницы», «Лучший дизайн» номинациялары бойынша марапаттарға ие болды.

Комментарии закрыты.