Негізгі мәселе – құқықтық тәртіп

Апта ортасында әкімдіктің мәжіліс залында Сәтбаев қалалық мәслихатының 17 сессиясы өтіп, оған мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, депутаттар, әкім орынбасарлары, бөлім басшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сессияны депутат Қайрат Балмағамбетов ашып, жүргізді. Күн тәртібінде «2016 жылға арналған қалалық бюджеттің орындалуы туралы есеп», «Сәтбаев қаласы аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысы туралы жергілікті полиция қызметі бастығының есебі», «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының Сәтбаев қаласында іске асырылу барысы туралы», «Қалалық мәслихаттың 18 сессиясының редакциялық комиссиясын сайлау туралы», «Қалалық мәслихаттың 18 сессиясының төрағасын сайлау туралы» бес мәселе қаралды.

Алғашқы сұрақ тұрақты комиссия отырысында қаралғандықтан, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

Келесі мәселе бойынша жергілікті полиция қызметінің бастығы Баянқұл Аманжолов баяндама жасады. Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың 5 айында ЖПҚ-нің қызметкерлерімен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қылмыстың алдын алу бағытында жалпы қылмыстың тіркелуі 628-ден 404-ке, қоғамдық жерлер мен көшелерде жасалған қылмыс 29,7%-ға, мас күйінде жасалған қылмыстар 23,8%-ға, жасөспірімдер тарапынан орын алған қылмыс 25%-ға, бұрын қылмыс жасаған тұлғалармен қайта жасалған қылмыс 89,9%-ға төмендеді. Жергілікті полиция қызметкерлерімен 3835 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 152, отбасы тұрмыстық қатынас саласында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуда – 37. Қоғамдық жерде мас күйінде жасалатын қылмыстың алдын алуда 538 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Ювеналды полиция тобының инспекторларымен 350 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, профилактикалық есепке 91 тұлға алынды, оның 43 – жасөспірім, 48 – жайсыз отбасы. Биылғы жылдың 5 айы ішінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында жол инспекторларымен 2182 әкімшілік хаттама толтырылған, соның ішінде 60 хаттама автокөлікті мас күйінде жүргізгені үшін және 46 хаттама жаяу жүргіншіні өткізбегені үшін толтырылған.

Сөз соңында Баянқұл Құрманғалиұлы қазіргі таңда автокөліктердің арнайы жабдықпен қамтамасыз етілмеуі жұмысқа кері әсерін тигізетінін, сондай-ақ қызметкерлердің жетіспеушілігі де орын алып отырғанын тілге тиек етті.

Депутаттар баяндамашыға сұрақтарын қойып, бұл мәселені жан-жақты талқылады. Одан әрі күн тәртібіндегі үшінші сұрақ бойынша қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш ақпарат берді.

Қалалық мәслихаттың 18 сессиясының төрағасы болып №6 сайлау округі бойынша депутат Тоғызбай Тәжбенов сайланды. Барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.