Жетекші саланы жетілдіру қажет

Біздің қала негізінен өндіріске бейімделгендіктен, ауыл шаруашылығы бұған дейін кенже қалып келген еді. Алайда, Елбасының агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту жайлы нақтылы тапсырмасынан кейін бұл бағыттағы жұмыстарға жан біте бастады. Өйткені, жер асты байлығы сарқылары анық. Ал, елдің күнкөрісіне айналатын бірден бір жетекші сала – ауыл шаруашылығы болмақ…

Елдің ертеңін ойлап, жұртшылықты жақсы істерге жұмылдыруға мұрындық болып жүрген Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсынысымен қала әкімі жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы осы өзекті салаға негізделді. Мұнда қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Бапов «Агробизнес – 2020» агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасын іске асыру барысы жайлы есеп берді.
Оның айтуынша, қаламызда ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жұмыстарда ілгерілеушілік бар. Рас, соңғы кездері қалада мал басы күрт төмендеп кеткен. Оның әртүрлі себептері бар. Соның бірі аймағымыздағы көші-конға қатысты болып отыр. Әйтсе де, бұл олқылықтардың орнын толтыруға жанды жұмыстар қолға алынған. Қазір қала тұрғындары арасында ауыл шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген азаматтар қатары көбейіп келеді. Тіпті, ауыл шаруашылығы кооперативтері де құрылып жатыр. Жуырда ғана ауыл шаруашылығы мақсатындағы 4 жер телімі аукционға шығарылып, оған 7 азамат құжаттарын тапсырыпты.
Айта берсе көңіл қуанарлық жайттар аз емес. Десек те, оны әлі жетілдіре түсу қажет. Қоғамдық кеңес мүшелері осы бағыттағы өз ойларын ортаға салды. Ең бастысы, шаруа қожалықтарын ашуға ниетті жандарға барынша жағдай жасап, мүмкіндік беру қажеттігі айтылды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.