Ұлттық патриотизмнің өзегі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға елім деген әр азамат үлес қосуы керек. Орталық кітапханада өткен басқосуға қатысушылар осындай пікірге тоқайласты.

Қазақ «Отан отбасынан басталады» дейді. Яғни, Отанды сүюдің іргетасы алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен қаланады. Сондықтан, мемлекет басшысы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасын көп болып қолдау керек.

«Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Жалпы, бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл ауқымды бағдарлама өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі кітапханада туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек. Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуы тиіс.

Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар. Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мекемелерді компьютерлендіруге, жергілікті мәдени орталықтарға демеушілік жасауға, кітапхана, мұражайлар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге –Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады», деп жазды Президент.
Бұл бағыттағы ізденістер Президент мақаласында ай­тылған «Туған жер» бағ­дарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», деген сөзімен үндеседі.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.