Мемлекеттік рәміздерге арналған семинар

Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендинаның төрағалық етуімен әкімдіктің кіші залында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін орналастыру тәртібі мен стандартқа сәйкес қолданылуы» тақырыбында семинар өтіп, оған мемлекеттік және бюджеттік мекеме басшылары мен өкілдері қатысты.

Аталмыш семинар Мемлекет хатшысы Г.Әбдіқалықованың өкімімен бекітілген 2015-2016 жылдарға арналған мемлекеттік рәміздерді, елді мекендердің, қалалардың, аудандардың, Астана және Алматы қалалары мен облыстардың нышандарын қолдану мен ілгерілету жүйесін жаңғырту жөніндегі жоспарды іске асыру мақсатымен өткізілді.
Семинарда «Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті» Жезқазған бөлімінің бас маманы Гүлмира Назарбекова рәміздерді стандартқа сәйкес орнату және пайдалану, сондай-ақ, мемлекеттік Елтаңбаның ұлттық стандартына енгізілген негізгі өзгешеліктер мен толықтырулар туралы баяндама жасады.
– Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Елтаңбаның жаңа үлгісі қолданысқа енді. Бұрынғы мен жаңа Елтаңбаның өлшемі мен бояуынан бастап бірқатар айырмашылықтары бар. Мәселен, бұрынғы нұсқасында тұлпардың айдары, көзі, кеңсірігі Елтаңбаның қырында орналасқандықтан дұрыс көрінбейтін. Ал, енді жаңа Елтаңбада әр элемент пропорционалды түрде орналасқан. Тағы бір ерекшелігі – 3D нұсқасы. Бұл арқылы жаңа Елтаңбаның жазуы да, өлшемдері де нақтыланып, дәл шығарылып тұрады, – деген Гүлмира Тілеубайқызы, сөз соңында еліміздің әрбір азаматын мемлекеттік рәміздерге зор құрметпен қарап, оларды қастерлеуге шақырды.
Жиында қала әкімінің орынбасары мекемелерде өткізілген тексерістің нәтижелеріне де тоқталып, кемшіліктер анықталған ұйымдарға оларды жоюды тапсырды.
– Барлық мекемелерде мемлекеттік рәміздер белгіленген стандарттарға сай болуы шарт. Оларды орналастыру тәртібі де аса маңызды. Сонымен қатар, шілде айынан бастап күшіне енген Елтаңбаның жаңа үлгісі ауыстырылуы тиіс. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда жауапты тұлға жауапкершілікке тартылады. Тексеру кезінде түрлі қателіктер анықталған мекемелерге түзету шараларын жүргізуді тапсырамын. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жандана түсуі қажет, – деді Айгүл Қосманқызы.
Семинар барысында қатысушылар мемлекеттік рәміздерге қатысты сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптарын алды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.