Есілдің жағасына сән берген

Әр елдің келешегін айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Сондай тарихи кезеңдердің бірі – астанамыздың Сарыарқа төсіне қоныстануы болды. 

Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап еліміз үшін жаңа тарих басталды. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен мақсаттарды алға қойды. Елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясы ешбір кедергіге, күдіктерге қарамастан іске асып, бүгінде ел мақтанышына айналып, тарих беттерінде алтын әріптермен жазылды. Астана 19 жылдың ішінде әлемге танылды және елімізді әлемге танытты. «Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мыңжылдық тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразияның жүрегінде іс жүзінде жаңа астана құрдық» – деп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан болатын. Иә, шынымен де, ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазып, астананы ауыстырып, осындай батыл қадамға барған – Елбасы Н.Ә.Назарбаев. «Елбасымыз! Халқыңды бір сынадың! Шырқаттың да келешектің ұлы әнін!

Көш шеруін бастап кеттің Арқаға, Жүректерде жаңғырықты ұраның. Бірі қоштар, Бірі мұны бекер ғып… – Десті: – Бұған дәулет қайда жетерлік!… «Тәуекелі тастай жігіт екен!» – деп, Басын шайқап, таңғалады шетелдік» – деп Қайрат Жұмағалиев айтқандай, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру кездерінде, әрине, оңай болған жоқ. Аз уақыттан соң-ақ жаңа Астана халықтың күдігін сейілтіп, Еуразияның жүрегінде қарқынды дамып, бой көтерді. «Тәуекел түбі – жел қайық, Өтерсің де кетерсің» дегендей, Елбасының батыл қадамының нәтижесі ұшын көрсете бастады. Жаңа әрі озық үлгідегі тамаша тұрғын үй кешендері, еңселі әкімшілік ғимараттары, әсем монументтер мен сәулет ескерткіштері бой көтере бастады. Мәселен, «Астана-Арена» спорт кешені, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің зәулім ғимараты, «Хан Шатыр», «Керуен», «Мега», тағы басқа ойын-сауық, сауда орталықтары, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, Бәйтерек, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Конгресс Холл», Орталық концерт залдары, Оқушылар сарайы, ұлы тұлғалар Абай мен Пушкиннің, Сәкен Сейфуллиннің, ұлы үш биіміздің, батырларымыз Кенесарының, Бөгенбай батырдың, Әлия Молдағұлованың және басқа да қайраткерлердің мүсіндері Астананың сәнін келтірген інжу-маржан, көне Есілдің жағалауына әр берген гауһар моншақтар іспетті. Әр барған сайын Астанамды танымай жатамын. Жылдап, айлап емес, күн санап көркеюде. Шет елдің қалаларынан еш кем емес. Биыл ЕХРО-ның Астанамызда өткізілуі де еліміздің мерейін бір көтеріп тастағаны рас.

Еуразияның кіндігі, Қазақ­станның жүрегі болған Астанамыз кезекті туған күнін 19-шы рет тойлауда. Жас елорданың мерекесі әрбір қазақстандықтың жүрегіне қуаныш ұялатып, ертеңге деген сенімді шыңдай түсуде. Қарыштап дамыған жаңа Астананың бүгінгі келбетіне сүйсінбейтін жан жоқ.

Астана күні – бүкіл қазақстан­дықтардың мейрамы. Туған күніміз құтты болсын, ағайын. Мен жас,көркем Астанамды сүйемін.

Аманбек Назерке
Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің түлегі.

Комментарии закрыты.