Мал ұрлығымен күресті күшейтуді талап етті

Пәтер тонау және мал ұрлығы мәселесі Қарағанды облыстық әкімдікте өткен қылмыстың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында талқыланды. Аймақ жетекшісі Ерлан Қошанов өзгенің мүлкін жымқыру дерегін азайту үшін жұмысты күшейтуді тапсырды. 

Отырыста бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы күрес бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстың есебі тыңдалды. Өз кезегінде Қарағанды және Теміртау қаласының әкімдері баяндама жасады. Себебі облыс орталығы пәтер ұрлығы бойынша көшбастап тұр. Полиция қызметкерлерінің ақпарататына сүйенсек, биыл Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларында 4 400 пәтер тонау дерегі тіркелген. Бұл аймақтағы аталған қылмыс түрінің 71,6% құрап отыр.
Ерлан Қошанов қала әкімдері бұл мәселені назарда ұстауларын талап етті. Құқық қорғау орган қызметкерлермен бірлесіп, қылмыстың алдын алу шараларын ұйымдастыруды тапсырды.
Ал ауылдық ағайын мал ұрлығынан зардап шегуде. Сондықтан бұл заң бұзушылықпен күресті аудандарда да күшейту маңызды.
Өзгенің мүлкін тонауға қарсы бағытталған жұмыстарды дамыту шараларын жалғастыру керек деп атап өтті облыс әкімі. «Тек ортақ күш салу арқылы ұрлықтың алдын алу жұмысының сапасын арттыра аламыз», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Комментарии закрыты.