Б.СЫЗДЫҚОВ: «БАҚ – біздің одақтасымыз»

Бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби мерекесіне байланысты Жезқазған қалалық соты жергілікті журналистермен кездесу ұйымдастырды. Кездесудің негізгі мақсаты – сот жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара байланысының жемісті жетістіктері мен одан әрі нығайту жұмыстарын талқылау болды.

– «Тіл – алмас қылыш нар кескен, Сөз – өткір жебе тау тескен» дегендей, орынды айтылған өткір сын жұмысымызда жіберілген қателіктерді болашақта болдырмауға ықпалын тигізетіні сөзсіз. Судьялар мен журналистердің қателіктері азайған сайын халықтың құқықтық санасына, құқықтық мәдениетіне деген оң ықпалы арта түседі. Әрине, ол азаматтардың судьяларға және сот қызметкерлеріне деген теріс әсерлерін азайтады, осы бағытта біз халқымыз үшін бірлесіп, көп жұмыс жасауымыз керек, – деп отырысты бастаған Жезқазған қалалық сотының төрағасы Б.Сыздықов одан әрі 2011 жылдың I-ші жартыжылдығында қалалық соттың бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп атқарған жұмысына тоқталды.

– Жезқазған қалалық соты ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығында БАҚ-мен тығыз байланыста болып, игі шаралар атқарды. 2011 жылдың 6 айында барлығы сотпен басылым беттерінде 30 мақалалар жарияланып, жарық көрген. Оның ішінде республикалық басылымдарда 2 мақала, 1 сұхбат, облыстық басылым беттерінде 3 мақала және жергілікті қалалық басылымдарда 24 мақалалар жарияланған. Сондай-ақ, қалалық «Дидар» телеарнасымен сотта өткізілген брифингтер, дөңгелек үстелдер мен кездесулер жайлы 7 бейнесюжет таратылып көрсетілген.

2011 жылдың бірінші тоқсанында БАҚ-мен жұмыс жасау бойынша Қарағанды облыстық соттарының арасында алдыңғы орынға ие болды. Сондай-ақ, өткен 2010 жылдың қорытындысы бойынша да Жезқазған қалалық соты облысымыздағы соттардың ішінде БАҚ-мен өзара байланысты қарқынды жүргізгені үшін жүлделі бірінші орынды иеленіп, үздіктер қатарында келеді. Осы жетістіктерге жетуде бізге қолдау көрсетіп, бірлесе жұмыс істегендеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамыз, – деді Бақытбек Қапанұлы.

Отырыстың ресми бөлімінен кейін Б.Сыздықов «Сарыарқа» газетінің редакторы Т.Асантегіне, Жезқазған қалалық «Дидар» телехабар тарату дирекциясының  директоры Б.Әлеуханұлына, «Подробности» газеті редакторының орынбасары Ю.Высоцкаяға, «Жезказганская правда» газетінің фототілшісі В.Шавневке, облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің Жезқазаған аймағы бойынша тілшісі В.Шипуновқа қалалық соттың жұмысын насихаттап жүргендері үшін Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етті.

БАҚ-пен соттың кәсіби тұрғыдан қарағанда мақсаттары ұқсас десе де болады. БАҚ та, сот та азаматтардың құқығы мен бостандығының бұзылмауын, қоғамдағы процестердің өрбуін қадағалайды.
Судьялар мен журналистердің міндеті – қоғамдық мүддені қорғау, сол арқылы ғана олар өз миссияларын жүзеге асыра алады. Тәуелсіз сот және азат бұқаралық ақпарат құралдары – нағыз демократиялық мемлекеттің екі тірегі.

Б.Сыздықовтың «БАҚ – біздің одақтасымыз» деуі де содан туындаса керек.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.