«Агробизнес – 2020»: Мүмкіндіктер мен тың жобалар

Еліміздің ауыл шаруашылығын салалы дамыту мақсатында өмірге келген «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасы өндіріске негізделген біздің аймақтың өзінде үлкен қолдауға ие болып отыр. Ал, оның мүмкіндіктері мол екенін қазіргі атқарылып жатқан жұмыстардан айқын аңғаруға болады.

Сәтбаев қаласы – өндіріс ошағы. Бұл аймақта шабындық тұрмақ жайылымдық жерді табудың өзі мұң. Ал, ондай жағдайда ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытамын деу үлкен ерлік. Әйтсе де, қала тұрғындары арасында осы іске көз жұма кірісіп, белді бекем буынудың арқасында оң нәтижеге қол жеткізіп жатқандар аз емес. Әрине, оған мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі көмектер септігін тигізуде. Соның бірі «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасы.

– Мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін агроөнеркәсіп саласын жандандырып, халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Осы мақсатты көздеген «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің қаламызда ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға бағытталған көптеген іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, мал басын асылдандыру, ет өндіру көлемін ұлғайту және басқа да жұмыстарды жүйелі жүзеге асыруға мол мүмкіндіктер туып отыр. Бір ғана мысал, ауылшаруашылығы саласының дамуының 2017 жылғы 5 айдағы қорытындысы бойынша, ауылшаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 165,5 млн. теңге немесе 108,8 процент болды, – дейді бізбен әңгімесінде қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Бапов.

Бөлім басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығына дем берген «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша мал басын асылдандыру жұмыстары да қала төңірегінде қарқынды жүргізілуде. «Конин А.М.» шаруа қожалығы мен «Укибаев Мухтар» шаруа қожалығынан ірі қара аналық мал басымен селекциялық және түрлендіру жұмыстарын жүргізуге өтінім берілген. Бүгінгі күні аталмыш шаруа қожалықтарының өтінімдері бекітіліп, 600 000 теңге көлемінде субсидия құны төлемге жіберілді.

Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешен субъектісін инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстарының бір бөлігінің орнын толтыру бойынша да нәтижелі жұмыстар бар. Мысалы, «Сунгат» шаруа қожалығы қуаттылығы 50 сиырдан басталатын, ет бағытындағы ірі қара мал басын өсіру үшін ауылшаруашылығы нысанын құру және кеңейту мақсатында 1 625 000 теңгеге жем-шөп дайындауға қажетті техникалар сатып алған. «Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында мемлекет осы соманың 812 500 теңгесін қайтарып отыр.
Сонымен қатар, инвестициялық салымдар бойынша шаруа қожалықтары арасында ауылшаруашылық техникаларын алу және жайылымдық жерлерді суландыру инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті құрылғыларды алу мақсатында мемлекеттен субсидияландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Міне, осындай мүмкіндіктерді пайдалаған қалалықтар тың жобаларға құлаш ұруда. Атап айтқанда, «Мир Тлек» «Лекеров Ж.Д.» ЖШС) қожалығы көкөніс өсіру бойынша жылыжай құру жобасын қолға алды. Жобаның жалпы құны – 40 млн. теңге. Өндірістік аймақта аумағы 0,79 гектар жер учаскесі құрылды. Қазіргі уақытта жылыжайдың 100 шаршы метрінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба Жезқазған және Сәтбаев қаласындағы халықты қолжетімді баға бойынша жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге негізделген.
Екінші бір жылыжай кешенінің құрылысын «Карабаев С.Б.» жеке кәсіпкерлігі бастағалы отыр. 1,1 гектар жерді алатын жобаның жалпы құны – 70,0 млн. теңге. Қазіргі уақытта жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Қалада тауарлы сүт өндірісі мен мал бордақылау алаңын салуға құлшыныс білдіріп отырған кәсіпкерлер бар. Солардың бірі «Айтбек И.» жеке кәсіпкерлігі. «Тауарлы сүт фермасы және бордақылау алаңы» жобасының жалпы құны – 25,0 млн. теңге, жұмыс орны – 3 бірлік.

Бүгінгі күні өнеркәсіптік аймақ территориясында жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпкер 20 бас ірі қара малға тауарлы сүт фермасын және 30 бас ірі қара басқа бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр.

Қаламыздағы тағы бір іргелі жоба «Каз-Ет» цехы. Ет өңдеуге негізделген бұл жобаның иесі «Сухомлина Л.Ф.» жеке кәсіпкерлігі (Нисковских А.В.)

Қажетті коммуникация жүргізілген цех құрылысы аяқталған, жабдық бөлігі сатып алынды. Цех негізінен жартылай кептірілген және қайнатылған шұжық, тауық етінен жасалған бұйымдар өндіруді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бұйымдарды сериялық өндіріс өнімі ретінде сертификаттау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму Басқармасына өтінім беру үшін қажетті құжаттар пакетін жинау жұмыстары жүргізілуде.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.