Мұндай құрмет Жезқазғанда Бұрын-соңды болмаған

Шынымен де солай болды. Жақында ғана тұсауы кесілген «Отырар» мейрамханасында қос қаланың төртінші билігінің өкілдеріне үлкен құрмет көрсетілді.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында әкімнің арнайы сыйлығын тапсыру Сәтбаев қаласында көптен дәстүрге айналған болса, жезқазғандық журналистер мұндай құрметке биыл бірінші рет ие болды.

Қала әкімі Берік Әбдіғалиұлының бастамасымен, ішкі саясат бөлімі мен «Нұр Ана» қоғамдық бірлестігінің қоштауымен ұйымдастырылған бұл шара бай дастархан басында жүзеге асты. Жезқазған қаласының әкімі Б.Әбдіғалиұлы жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, қоғамның, қаланың өркендеуіне, Елбасының саясатын халыққа жеткізуде үлкен үлес қосып жүрген БАҚ қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Салтанатта Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Б.Әлеуханұлы, «Нұр Отан» ХДП Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Г.Каженова, ішкі саясат бөлімінің бастығы М.Мырзабекова тарапынан да бір топ қызметкерлер Құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтарға ие болды. «Мамандық майталманы», «Насихат», «Табыс», «Жас қалам», «Біздің қала», «Ең үздік телебағдарлама» номинациялары бойынша алты үздік журналистке Б.Әбдіғалиұлы әкімнің арнайы сыйлығы – 50 мың теңгені өз қолымен тапсырды.

Бұл мерекенің тағы бір ерекшелігі де, қуаныштысы да қанаттас жатқан кеншілер қаласындағы екі БАҚ –  «СТА» телеарнасы мен «Шарайна» газетінің де қошеметке ие болуы.

Бірлігіміз жарасып, дәстүріміз жалғаса берсін деп тілейміз.

М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.