Жаңа өзгерістермен таныстырды

Қала әкімдігінің мәжіліс залында Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Заңнамасына биылғы жылдан бастап енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында семинар өтті. Оны Сәтбаев қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Мылтықбай Серікбаев ашып, жүргізіп отырды.

Іс-шараға Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Меруерт Саттыбаева, аталмыш басқарманың салық заңнамаларын түсіндіру бөлімінің басшысы Зәуреш Жойқымбаева, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатысты.

– Шілде айынан бастап Салық кодексіне маңызды толықтыру енгізілді. Ол – салықтық тексерудің алдын ала актісі. Аталған нормаға сәйкес, салық органының лауазымды тұлғасы салық төлеушіге салықтық тексерудің алдын ала актісін береді және тексеру актісінің нәтижелеріне жазбаша қарсылық беру құқығы ұсынылады. Аталған баптың ережелері қолданылатын салық төлеушілердің санаттарын, актінің салық төлеушіге беру тәртібі мен мерзімдерін, оған жазбаша қарсылық беру, сондай-ақ осы қарсылықты қарауды уәкілетті орган бекітеді. Сондай-ақ, Салық кодексіне акциздердің мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен көтеруді көздейтін өзгерістер енгізілді.

Осылайша, литріне 100% спиртті құрайтын алкоголь өніміне акциз (коньяктан, брендиден, шараптардан, шарап материалынан, сырадан және сыра сусынынан басқа) 2017 жылға – 2000 теңге, 2018 жылға – 2275 теңге, 2019 жылға – 2 550 теңге, 1 литр үшін сыра және сыра сусынына акциз 2017 жылға – 39 теңге, 2018 жылға – 48 теңге, 2019 жылға – 57 теңге. Бұдан тыс, темекі өніміне (фильтрлі сигареттер, фильтрсіз сигареттер, папиростар) 1000 дана үшін 2017 жылға – 6200 теңге, 2018 жылға – 7500 теңге, 2019 жылға – 8700 теңге акциздердің мөлшерлемелерін көтеру көзделген, – деді Меруерт Рахымбекқызы.

Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап ІІІ топтағы мүгедектер салық салу меншік құқығындағы барлық объектілерінің жалпы құнынан АЕК 1500 еселенген мөлшері шегінде мүлік салығын төлеуден босатылады. Сонымен қатар, енді салық органдары жеке тұлғаларды түскен немесе берешек сомалары жөнінде Интернет ресурстары, электрондық мекен-жайына жолдау, ұялы телефондарына СМС-хабарламалар жолдау арқылы хабардар етіп отыратын болады.

Семинар соңында жиналғандар салық және кеден кодекстеріне енгізілген жаңа өзгертулерге байланысты туындаған сұрақтарын қойып, мамандардан толыққанды жауаптар алды.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.