Жұмыскерлермен кездесті

Өткен аптада ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері «Қазақмыс Мейнтинанс сервисиз» ЖШС тау-кен шахталық жабдықтар зауытының жұмыскерлерімен «Дәстүрлі дін мен дәстүрлі емес діни ағымдардың айырмашылықтары және олардан сақтану жолдары» тақырыбында кездесу өткізді.

Құрамында ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Сұлтанбек Ешмаханов пен Сәтбаев қаласының дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығы директорының орынбасары Жасұлан Нұрмұқан бар түсіндіру тобы жиналғандарға елімізде тыйым салынған теріс ағымдар, Ислам атын жамылғандар жайында түсініктеме беріп, олардың қоғамға тигізер зардабы туралы айтты.

– Бүгінгі таңда адамдар дәстүрлі дін мен деструктивті ағымдардың ара-жігін ажырата алмағандықтан, Ислам дінінен бойларын аулақ ұстайды. Мұндай қате пікірге бой алдырмас үшін әрбір адам көлденең уағызшылардың үгіт-насихаттарын тыңдамауы, Интернет желісіндегі жалған ақпараттарға сеніп, еріп кетпеуі керек. Діни экстремизммен күресудің бірден бір жолы – халықтың діни сауаттылықтарын арттыру, оларға дін мәселесі жайлы нақты мәлімет беру. Сондықтан, егер сіздерде дін саласына қатысты қандай да бір сұрақтарыңыз туындаса, толыққанды дұрыс жауап алу үшін орталық мешіттің имамының немесе қаламыздағы діни орталық мамандарының көмегіне жүгінуіңізді сұраймыз, – деді Сұлтанбек Ешмаханов.

Жиын барысында тыңдаушыларға «Мен қазақстандықпын!», «Салафидтер деген кімдер?», «Салафизмнің мақсаты не?» атты бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттық кітапшалар таратылды. Сонымен қатар, қатысушылар арасында сауалнама жүргізіліп, діни сауаттылықтарының деңгейі анықталды.

Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері кездесуді қорыта келе, жалпы жат ағымдардан аулақ болу, олардың арбауына түспеу үшін адамдардың діни сауатты болу керектігін тағы да бір ескертіп, жұмыскерлер тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.