«Ұлытау қымызы»

«Кенебай тоғаны» төңірегінде өткен этнофестиваль осылай деп аталды. Оған ұйтқы болған — аудан әкімдігінің пәрменді қолдауына сүйенген «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы.

Бес жылдан бері жылқы жануарын дәріптеуге арналған «Терісаққан көктемі» этнофестивалін өткізу берік дәстүрге айналды. Әдетте мамырдың басында болатын онда «Терісаққан» тұрғындары «Бие байлау», «Айғыр қосу» және «Қымызмұрындық» салтын әспеттейді.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткізілген «Ұлытау қымызы» этнофестивалі — сол «Терісаққан көктемінің» заңды жалғасы. Оның негізгі мақсаты — жылқы жануарына қатысты ұлттық салт-дәстүрдің аксиологиялық мән-маңызын ұғындыру.

Бұл этнофестивальда «Терісаққан көктемінде» қамтылатын салттан тыс ет жеу мен қымыз ішуден «мешкейлік» бәсекесі, «Қатын күрес», асау үйрету мен жылқы жығу, садақ ату мен найза лақтыру өнері көпшілік назарына ұсынылды. Саба ыстау, қамшы өру мен арқан есуден шеберлік сағаты өткізілді.

Этнофестивальге ҚР мәдениет және спорт вице-министрі А.Баталов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары А.Айдаров, Сәтбаев қаласының әкімі А.Ыдырысов, сондай-ақ, республикалық және облыстық туризм саласы өкілдері қатысты.

Әлібек Әбдіраш.

Комментарии закрыты.