Мәртебелі міндетті жүзеге асырушылар лайықты бағаларын алды

Маусым айының соңы қат-қабат келетін мерекелерге толы. Солардың бірі де бірегейі – Мемлекеттік қызметшілер күні. Биыл төртінші рет тойланған бұл кәсіби мереке кеншілер қаласында да бар сән-салтанатымен аталып өтті.

Өзге жылдардағыдан бір ерекшелігі, кәсіби мереке қарсаңында мемқызметшілер спорттың әр түрінен бақ сынасып, ептілері мен мықтылары жүзден жүйрік шықты. Ал, жеңімпаздар Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен салтанатты жиында дүйім жұрттың алдында марапатталып, мерейлері бір өсіп қалды.

– Бұл кәсіби мереке – Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру барысындағы «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бағдарламасының жемісі. Жүз нақты қадамның алғашқы 15 қадамы мемлекеттік қызметке қатысты. Басты мақсат – кәсіби мемлекеттік аппарат құру.

Мемлекеттік қызметші болу – өте жауапты жұмыс. Бұл халыққа қызмет ету дегенді білдіреді. Сондықтан, бүгінгі күні біздің білікті де білімді жастарымыз осы салада еңбек етуге, өз мүмкіндіктерін ел игілігіне жұмсауға ұмтылыс білдіруде. Мұны біз қуаттаймыз, қолдаймыз.

Бұл мерекеге бұрын облыстық мекемелерде қызмет атқарған ардагерлеріміз де келіп отыр. Қазақта «Тақыр жерге шөп өспейді» деген сөз бар. Бүгінгі қадамдарымыздың негізін сіздер қалап бердіңіздер. Қазір де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрсіздер. Сіздерге айтар алғысымыз шексіз.

Салтанатты жиында сөзін осылай деп бастаған қала әкімі Асқар Ыдырысов мемлекеттік қызметшілерді құттықтап, олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде қала басшысы жергілікті атқарушы органдардағы үлгілі мемлекеттік қызметі үшін «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін тапсырды. Бұл жоғары марапатқа қала әкімінің аппарат жетекшісі Алмас Нысанбаев ие болды.

Бұдан басқа бір топ мемлекеттік қызметшілер Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапатталды.

Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук бір топ қызметкерлерге Алғыс хат тапсырып, халық қалаулыларының атынан игі тілегін жеткізді.

Салтанатты жиында мемлекеттік қызметке жаңадан келгендер мәртебелі міндеттерін мінсіз атқаратындары жайлы ел алдында ант қабылдады.

Ізтай Белгібайұлы.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.