«Достықтағы» демалыс

Сәрсенбі күні қаламыздағы №1 мектеп-гимназиясы жанынан ашылған «Достық» жазғы сауықтыру лагерінде Елордамыз Астана күніне орай бірқатар іс-шаралар өткізілді. Солардың бірі – «Астана – Отанымыздың жүрегі» деп аталып, оны аталмыш лагерьдің «Жас қыран» тобы ұйымдастырды.

Шара аясында тәрбиешілер Айжан Шаркенова мен Бейбіткүл Салықбаева оқушылардың қатысуымен «ЭКСПО – 2017» тақырыбына арналған үздік суреттер мен коллаждар байқауын, топтар арасында «Саған арнадым, Астана» флешмоб сайысын өткізді. Сонымен қатар, балалар өз қолдарымен «Астана – арман қала» атты буклеттер жасады. Осындай түрлі сайыстар мен көңілді ойын-сауықтар оқушылардың бір-бірімен достық қарым-қатынас орнатуына, қызығушылықтарын арттырып, ұйымшылдыққа үйренуіне зор септігін тигізді.

Балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында жұмыс жасайтын «Достық» лагері 5 маусымда басталды. Лагерьдің басшысы Гүлнұр Достиярдың айтуынша, осы екі ауысым ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасыларынан барлығы 190 бала қамтылды.

– Осылардың ішінен бірінші ауысымда бас қаламызда өтіп жатқан Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалауға 10 бала барып келді. Олар Астананы алғаш рет көргендегі әсерлерімен өзара бөлісіп, тарихи оқиғаның куәсі болғандарына мақтанады. Ендігі кезекте екінші ауысымда 6 баланы жіберуді жоспарлап отырмыз, – дейді Гүлнұр Достияр.

Бес топтан тұратын «Достық» лагерінде өтетін әрбір күннің өз атауы бар. Мәселен, «Денсаулық күні», «Сиқырлы қарындаштар күні», «Патриоттық күн», «Саяхатшылар күні», «Ертегілер күні» т.б. Осы күндердің тиімді әрі қызықты өтуіне лагерь ұжымы барынша күш салуда.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.