Оңды-солды шашпай орынды жұмсайық

Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Сәкеевтің үнемделген қаржыны өзге нысандарға бөлу жөніндегі есебін тыңдаған қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері осындай ұйғарым жасады.

Өткен аптада қала әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оны кеңес төрағасы Марал Мәдиева ашып, жүргізіп отырды. Отырысқа қалалық сәулет бөлімінің, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.

Қоғамдық кеңесте қала бюджетіне енгізілетін толықтырулар мен өзгерістер жайлы мәселе қаралды. Отырыста қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Сәкеев баяндама жасап, үнемделген қаржыны өзге маңызды деген нысандарға бөлінген жобасын ұсынды.

Жобамен танысқан қоғамдық кеңес мүшелері кейбір нысандарға шамадан тыс қаржы бөлінгенін, ал қалада шешімін күткен көптеген әлеуметтік мәселелердің тұрғанын алға тартты. Мәселен, Марал Мәдиева қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңтайландыру орталығына берілген ғимараттың еш сын көтермейтінін, ашылғалы бері бір рет те жөндеу көрмегенін айтып, мүмкіндік болса осыған қаржы бөлуді қарастыру керектігін айтса, Алаш Тұрлыбек Тәуелсіздік бақжолы мен ондағы қаланың Құрметті азаматтарына арналған аллеяның еш күтімсіз жатқанын, оны қоршап, қамқорлыққа алу қажеттігін алға тартты.

– Қаржыны оңды-солды шашпай, осындай орынды нәрселерге жұмсайық. Әйтпесе, қала күніне әнші шақыруға үш жарым миллион ақша шығару деген артық. Келетіндер осы қаланың кешегі түлектері екен. Елбасының «Туған жер» бағдарламасын ұғынған жан болса қала күніне өзі келіп, тегін концерт берулері керек олар.

Екіншіден, діни ахуалға қатысты іс-шараларға бөлінген 2 миллион теңге де көп. Оларға республикалық бюджеттен аз қаржы бөлініп отырған жоқ. Мәселе сол қаржыны олар орынды жұмсап отыр ма?! Осындай мәселелерге назар аударайық, – деді Алаш Мырқалұлы.
Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан осындай тоқтамға келіп, өз ұсыныстарын айтты.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.