Жақсы іс жалғасын тапты

Астана күніне арналған айшықты шаралар шеңберінде қаламызда «Буккроссинг» акциясы өтті. Оған қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері мұрындық болды.

Көркем әдебиеттің оқылымнан шығып қалмай, өз оқырманын табуына ықпал ету, тұрғындардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру және туған жерге деген патриоттық сезімдерін оятуды мақсат еткен бұл шара Сәтбаев қаласындағы орталық кітапханада да дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатыр. Жалпы, Қазақстанда «Буккроссинг» акциясы 2005 жылдан бастау алыпты. Кітап пен оқырман байланысын жетілдіруге, жақсы кітапты насихаттауға тікелей қатысы бар бұл «кітап мерекесінің» берері де мол. Жаппай кітап оқу азайып кеткен қазіргі заманда «буккроссинг» қозғалысы кітап пен оқырман арасын жақындатудың тиімді жолына айналған.

Қала тұрғындарының өздеріне ұнаған қызықты кітаптарын алып оқуына мүмкіндік беретін аталмыш шара жоғары деңгейде өтті десек болады. Айналасы бір сағатқа жетер-жетпесте қойылған орындарында бірде-бір кітап қалмай, осы мақсатқа бөлінген елуден астам кітап өз оқырмандарын тапты. Олардың қатарында Қ.Жұмаділовтың «Бір ғана ғұмыр», М.Мағауиннің «Аласапыран», О.Бөкеевтің «Поезда идут мимо», С.Мұқановтың «Промелькнувший метеор», А.Көбесовтың «Әл-Фараби» т.б. кітаптарымен қатар орыс, шетел классиктерінің шығармалары қала тұрғындары мен демалушыларына ұсынылды. Кітаптардың оқырмандар арасындағы қозғалысын бақылау үшін әр кітаптың арасына «Буккроссинг» қозғалысы туралы оқырманға арналған ақпарат берілді. Осы ақпаратты пайдалана отырып, әр оқырман өзі туралы мәліметтерді кітапхананың library-satpaev@mail.ru электронды поштасына, фейсбук, инстаграмм желілеріндегі парақшаларға жібере алады.

Шара соңында тұрғындар «Буккроссиг» акциясын өткізуді дәстүрге айналдырып, жиі өтіп тұруын қалайтындықтарын білдірді. Енді қала тұрғындары ашық аспан астында серуендеп қана қоймай, кітап оқып, тыныға да алады.

Орайы келгенде айта кетейін, орталық кітапхана ұжымы жазғы акция барысыда 200-ден астам кітаптарды айналымға шығарып, қала жұртшылығы қалаған жанрдағы кітаптарын ала алды. Әсіресе балалардың қызығушылығы жоғары. Игі шара кітапхана алдында бейсенбі-сенбі күндері өзінің жалғасын табады.

Айжан Сарина,
оқырмандарға қызмет көрсету
бөлімінің жетекшісі.

Комментарии закрыты.