Барлық аулалар қалыпқа келтірілуі керек

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов облыс орталығында жыл сайын 100 ауладан жөндеуді ұсынды. Ол үшін жобаларға басқаша қарау керектігін ескертті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз орталығы.

– Бізге қымбат аулалар қажет емес, абаттандыру жұмыстарының құны ондаған миллионға дейін бармауы керек. Жалпы алғанда минималды жиынтық болуы қажет. Бірақ келесі жылдан бастап көбірек аулаларды қамтуымыз керек – жылына 100 ауладан, – деді Ерлан Қошанов Октябрь ауданын аралау барысында. – Бізде Қарағандыда 700-ден астам аула бар. Егер жылына 10-нын ғана жөндеп отырсақ қай заманда аяқтаймыз?

Аймақ басшысы Пришахтинск және Майқұдықтағы абаттандырылып жатқан аулаларды аралап шықты. Жөндеу жұмыстарының ішіне асфальттау, көгалдандыру, жарықтандыру, балалар және спорт алаңқайларын, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату кіреді. Жобалар құны – 65-70 млн теңге. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын қазан айында аяқтауы тиіс.

Комментарии закрыты.