ЭКСПО-ның миллионыншы қонағы анықталды

«ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға келген миллионыншы қонақ анықталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Гүлжиһан Жаңабергенова өзінің «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген миллионыншы қонақ боларын мүлде ойламаған еді. Сағат 18:06-да ЭКСПО-ның төрт өткізу бекетіне орнатылған бейнебақылау камералары мен есептеуіштер оның миллионыншы болып тіркелгенін анықтады. Әлемдік көрмені жолдасымен және 3 жасар қызымен тамашалауға келген 27 жастағы Астана тұрғынын «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов келіп құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті және көрме мен Дю Солей циркінің кешіне билеттер берді.

«Мен Астананың №76 мектеп-лицейінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасаймын. Мұнда екінші рет келіп тұрмын, алғаш келгенде «Нұр Әлем» павильонына кіре алмап едім. Қазір бірінші кезекте Қазақстан павильонына барамыз. Шынымды айтсам, бұлай жолым болады деп мүлде ойламадым. Тіпті келушілерді санайтынын да білмеппін» дейді Гүлжиһан Жаңабергенова.

«ЭКСПО-2017» медиа-орталығында өткен құттықтауда басқарма төрағасы Ахметжан Есімов әлемдік көрмеге келушілердің жиілей түскенін айтты.

«Барлығы біз жоспарлағандай өтіп жатыр. «ЭКСПО-2017» көрмесі аяқталғанша 2 миллион адам келеді деп болжап едік. Бүгін миллионыншы қонақты анықтап отырмыз. Бұл көрме басталған бір ай ішіндегі көрсеткіш. Көрмені тамашалауға ел іші-сыртынан келген қонақтардың саны артып келеді. Қызығушылықтарыңыз үшін алғысымды айтамын» деді Ахметжан Есімов.

Комментарии закрыты.