Сәтбаевтықтар Астана күнін серпінмен тойлады

Сәтбаев қаласының тұрғындары ел ордасы – Астана күнін айшықты шаралармен атап өтті. Жылдағыдай сауда орындары бірінен соң бірі ашылмаса да елдің есінде қалатындай көпшілік шараларда шек болған жоқ…

Той шымылдығы қаланың жаңа шағынауданы – «Нұрлы мекенде» түрілді. Мұндағы заманауи үлгідегі балалар алаңының футбол кортында футболдан аула клубтары арасындағы біріншіліктің тұсауы кесілді. Оған 21 команда қатысып, бақ сынасуда. Жүлде қоры да қомақты. Бірінші орын алғандарға – 50 мың, екінші орындағыларға – 30 мың, ал үшінші орынға 20 мың теңге берілмек. Бір ерекшелігі, жарыс қаланың барлық аулаларындағы спорт алаңдарында кезекпен өтіп, ақтық сайыс «Қазақстан» спорт сауықтыру кешенінің футбол аренасында ойналатын болады.

Аулада балалар доп қуып жүргенде Кеншілер алаңында қала жұртшылығы құлақ құрышын қандыратын ән тыңдап, жырдан сусындады. Күннің күйіп тұрғанына қарамастан өнерлі өрендер өздерінің Астана қаласына деген махаббаттарын әнмен жеткізіп, өнерсүйер қауымды бір сүйсіндірді.

Елорда күні қала тұрғын­дарына арналған тартулар да аз болған жоқ. Соның бірі де бірегейі – спорт-сауықтыру кешені ауласында ашылған субұрқақ пен стритболға арналған алаңның ашылуы. Қос нысанның ашылуына қатысқан қала әкімі Асқар Ыдырысов қалалықтарды Астана күнімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

– Әр елдің мәртебесін көтеріп, абыройын асыратын астанасы болады. Біздің еліміздегі аты затына сай Астана қаласы баршамызға аян. Күн санап өркендеп келе жатқан Елордамыз бар халыққа ортақ бақыт деп білемін, – деді қала басшысы өз сөзінде.

Атаулы мерекеде тағы бір дәстүрлі шара өзінің жалғасын тапты. Қала әкімі Асқар Ыдырысов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук қалалақ перзентханаға барып, Астана күні өмірге келген нәрестенің анасын құттықтап, сәбиге сый-сияпат жасады. Бұл күні Айнаш Кәкенова ұлды болған екен. Бойы 51 сантиметр, салмағы 4 келі болған Әлнұрға қала басшылығы жаңа туылған нәрестелерге қажетті заттар жиынтығын тарту етті.

Астана күніне арналған мереке Кеншілер алаңында өткен шоу-концертке ұласты. Бұл күні алаңға жиналған қала жұртшылығы бір-бірін Астана күнімен құттықтап, игі тілектерін жаудырды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.