Мүмкіндіктер күшейтілген

Адам құқығы – адам және азамат құқығын қарастыру алдында «адам», «жеке адам», «азамат» санаттарының арақатынасын білу маңызды.

«Адам» ұғымы табиғи тұрпатта сипатталады, яғни арнайы физиологиялық қасиеттерді бойына сіңірген тіршілік әлемінің өкілі. «Жеке адам» ұғымы адамды әлеуметтік тұрғыда сипаттайды, яғни қоғамда өзінің рөлі мен орнын және оның алдындағы жауапкершілігін сезінуі. «Азамат» ұғымы адамды заңды тұрғыда сипаттайды, яғни адамның нақты бір мемлекетпен тұрақты құқықтық байланыстылығын қарастырады.

Адам құқығы табиғи және әлеуметтік болып екіге бөлінеді. Табиғи құқықтар дегеніміз – адамның тіршілік етуінен туындайтын (мысалы өмір сүру, еркіндікке жету, жеке басына тиіспеушілік т.б.) құқылары. Әлеуметтік құқылар дегеніміз – адамның мемлекетпен өзара әрекеті процесінде пайда болатын (мысалы, білім алуға, еңбек етуге, бақуатты өмір сүруге, азаматтық алуға, сот әділдігіне жүгінуге, еркін жүріп-тұруға, мүліктерді иеленуге) құқықтары.

Конституцияда, яғни Ата Заңымызда көрсетілгендей, әрбір адам өзінің заңмен қорғалатын құқықтары бұзылған кезде немесе оны бұзуға қауіп төнген жағдайларда оларды қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.

Заң бойынша құқық бұзушылықтың қауіптілік деңгейіне, мағынасы мен сипатына байланысты сот арқылы қорғалу азаматтық, әкімшілік немесе қылмыстық тәртіпте жүзеге асырылуы қарастырылған.

Айта кететін бір жағдай, өмірде екінің бірі өз құқығын қорғау үшін бірден сотқа жүгінуге асықпайды. Неге? Өйткені әрбір адам басына түскен жағдайды сотқа дейінгі заңға қайшы келмейтін амалдармен, іс-әрекеттермен шешіп алуға тырысады. Ал, осы амал нәтиже бермеген жағдайда, басқалай шешудің жолы қалмаған кезде, даулы мәселе әбден шиеленіскенде адамдар сотқа жүгінеді. Сот төрелігі мемлекет атынан жүргізіледі.

Көптеген шет елдерде сотқа жүгіну мәселесі азаматтар үшін өте қымбат дәрежеге қойылған. Ал бізде керісінше, әр адамның құқығын қорғау мүмкіндігі күшейтілген. ҚР азаматтық іс жүргізу кодексінде адамдардың азаматтық құқығының қорғалу тәртібі қалай жүзеге асырылатыны нақты баптарында көрініс тапқан.

А.Абдуллаева,
Сәтбаев қалалық соты
кеңсе бөлімінің бас маманы.

Комментарии закрыты.