Кооперативтер құрылуда

Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және жеке шаруашылықтар әлеуетін арттыру, ауыл шаруашылық кооперативін дамыту тапсырмасын орындау мақсатында қаламызда жеке қосалқы шаруашылықтар арасында сүт өндіру бағытында жұмыс істейтін кооператив құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл жөнінде бізге қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Марат Бапов әңгімелеп берді.
– Бүгінгі күні Кооперативтің 23 мүшесі бар. Қазіргі уақытта кооператив төрайымы сайланып, оның жарғысы дайындалып жатыр. Кооператив мүшелері «Бизнес кеңесшісі» кәсіпкерлікті дамыту семинарына қатысып, арнайы курста оқып, сертификатын түгелдей алды. Алдағы уақытта кооперативтің барлық мүшелері жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден өтіп, олардың несие алу жұмыстары басталады. Кооператив құрылғаннан кейін жеке қосалқы шаруашылықтарында мал басының көбейетіндігі жоспарланып отыр, – дейді Марат Тұрсынұлы.

Орайы келгенде айта кетейік, Сәтбаев қаласы өндіріске бейімделгенімен мұнда ауыл шаруашылығын дамытуға баса ден қойылуда. Осы мақсатта қала аумағындағы шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығына негізделген кәсіпорындарды жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр.

– Бұл бағытта «Ахтямов Р.Н.» шаруа қожалығының бастамасын атап айтуға болады. Қожалық иесі өзінің құс фабрикасын жаңғырту және кеңейту мақсатында үлкен жобаны қолға алды. Жобаның жалпы құны – 56 млн. тенге, қуаттылығы жылына – 20 млн. дана жұмыртқа өндіру.

Осы жобаны жүзеге асыра отырып, кәсіпкер жылына жұмыртқалайтын тауық басы 75 мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бүгінгі күнге 19,5 мың бас балапан сатып алынды. 1 019 мың дана жұмыртқа өндірілді, 2017 жылдың соңына дейін 3,1 млн. данаға дейін жұмыртқа өндіру жоспарлануда, – дейді бөлім басшысы.

Марат Баповтың айтуынша, қазіргі уақытта жобаның бірінші кезеңі бойынша қаптау және монтаждау жұмыстары аяқталды. Кәсіпкер тауық басын 75 мың басқа жеткізу үшін 40 млн. теңге өз қаражатына құрал-жабдықтар сатып алған. «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кепілдендіру қарыз қаражатын субсидиялау бағыты бойынша мемлекеттік қолдау көрсету жобасы бойынша 26 млн.тенге несие алу құжаты мақұлданды. Бүгінгі күні 14 жұмыс орны ашылған. Келешекте 28 жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.