Қатысу тәртібі жеңілдеді

«Мен бүгінгі замандас­тары­мыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас-қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең… Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады».

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын құру бастамасын көтерген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай ой тастаған еді. Елбасының осы рухани жаңғыруға қатысты тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты арнайы жұмыс топтары құрылған. Сол топтардың бірі – Ақпарат және коммуникациялар министрлігі. Аталмыш министрлік Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығымен бірігіп, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының басты органы ретінде белгіленді. Бүгінде министрлік тарапынан ілкімді шаралар қолға алына бастады. Соның бірі де бірегейі – жобаға қатысушыларды тіркеу. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысу үшін жаңа форматта жасалған «100esim.el.kz» сайтына өтінім жолдауға болады. Ол жайында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз хатшысы Альбина Атен Фейсбуктегі парақшасында атап көрсетті.
– Порталдың жаңа форматы іске қосылды. Қазіргі уақытта өтінім қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Порталдың көмегімен бүгінге дейін жобаға 60 қатысушы өтінім берді. Өтінімдерді қабылдау 15 қыркүйекте аяқталады. Осылайша, әр қазақстандық өзінің жетістікке толы өмір жолын онлайн режимде жолдай алады, – дейді баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша қазіргі кезде сайтқа мәдениет, ғылым, спорт, қоғам және медицина салаларында жетістіктерге жеткен 27 адамның өмір жолы туралы мәлімет енгізілген. Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен «Қазақстанның 100 жаңа есімін» анықтау үшін арнайы жұмыс тобы да құрылды.
Бұл орайда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жур­налис­тер қауымына үлкен үміт артатынын да білдірген.
– Табысты болу – атақ­ты болу деген сөз емес. Табыс­ты адамдардың бәрі танымал емес. Сондықтан, біздің жоба­мыздың мақсаты – олардың елге, қоғамға сіңірген еңбегін көр­сету, көпшілікке таныстыру. Жоба­ның аты айтып тұрғандай, біз Қ­азақстанға әлі танылып үл­гермеген жаңа есімдерді іздеп та­буы­мыз керек. Осы бағытта жұ­­мыс жүргізіп жатырмыз, – дей келіп, министр журна­листердің жазған мақалалары­нан, жасаған репортаждарынан үндемей жүріп үлкен іс тындырып жатқан азаматтарды саралап, жаңа есімдерді табуға болатындығын қаперге салды.
Ал, Қазақстан халқы Ассам­блея­сы Төрағасының орынбасары Дар­хан Мыңбай өз сөзінде жо­ба­ның жүйелі жүзеге асуы үшін жан-жақты талқылау керектігін тілге тиек етіп, оның ел ертеңі үшін өзекті боларын алға тартты.
– «Қазақстандағы 100 жаңа есім» – бұл шындығында да бұрын-соңды болмаған жоба. Ол еліміздің дамуына үлес қосқан адамдарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Бірақ оларды іріктеу барысында біржақты қарамай, азаматтың тұлғалық қабілетіне де баса назар аударатын боламыз. Тұлғаның бойында іскерлік, адамгершілік, білім, мәдениет деген ұғымдар болуы міндетті. Оның жүрегінде осындай қасиеттер болғанда ғана ол басқаларға үлгі бола алады. Жұмыс тобы осыларды қалай анықтаймыз деген сұрақтың жауабын табу жолында жұмыс жасайды, – дейді төраға орынбасары.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.