Кәсіби дәрігер, білікті басшы еді…

Бүгінде көңілі жабырқағанда жұбататын, өзінен кішіге қамқор болатын, тура жол көрсетіп, өскенді күндемейтін ағалар жоқтың қасы. Бір көргенде сұсты, ызғарлы көрінгенмен, араласа келе жаны жайдарлы, денсаулық сақтау ісінің білікті басшысы болған Сайлау Жалбырұлы Уатаевтың дүниеден өткеніне де екінші ондық болып қалыпты. Уақыт өтеді… Тірі адам тіршілігін жасайды, бала есейеді. Сол уақытта дүниеге келген немересі Бекзат та 20-дан асты, азамат болды.

Жақсы адамның ісі, бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Кейде әріптестер бас қосқанда үлгі тұтар ағаларды еске алғанда Сәкең алғашқылардың бірі болып ойға келеді. Себебі, ол кісі өзінің мамандығына деген адалдылығымен, терең білімімен, турашыл мінезімен есте қалды. Басшыларға жалпақтау дегенді білмейтін азамат еді.

Сайлау Жалбырұлы 1938 жылы, Ұлытау ауданының «Коммуна» колхозында Зілғары ұлы Жалбыр мен Бақбергенқызы Күнтайдың отбасында тоғыз баланың бірі болып дүниеге келген. Әкесінің ағасы Уатайдың жалғыз баласы Таңатарға серік болсын деп, Сайлауды Уатайдың тәрбиесіне беріп, сол кісінің тегін алған. Сол жылдары туылған балалар сияқты Сәкең де бұғанасы қатпай еңбекке араласып, ауыл «академиясынан» тәрбие алған. Онжылдық мектепті Жездіде бітіріп, көп ойланбастан Қарағанды медицина институтына түседі. Институтты бітірген жас дәрігер жолдамамен «Шеңбер» совхозына келіп, алған білімін шыңдай түседі, күн-түн демей ауыл тұрғындарына дәрігерлік көмек көрсетеді. Талантты, білікті маман бірден көзге түсіп, Ұлытау ауданының бас дәрігері қызметіне тағайындайды. Ұлытаудың ерекше табиғаты, созылмалы боран-шашынды қыс айларында сырқаттарға кешіктірмей, жедел жәрдем беру оңайға түспейді. Ол кезде қазіргідей байланыс, техника жоқ, Сәкең сол қиыншылықтарды жеңе білді, институтта алған білімімен, сырқаттарын емдеп, халықтың батасын алды. Ұлытауда өмірлік жары Кабира Кариқызымен отау құрды. Ауылды жерде кәсіби тәжірибе жинаған Сакең сол уақыттағы Никольский қаласындағы, Рудник поселкесіндегі №3 қалалық аурухананың іш құрылыс ауруларын емдейтін бөлімнің меңгерушісі болып ауысады. Қабілетті ұйымдастырушы қала басшыларының назарынан тыс қалмай, жаңадан салынған кеншілер емдейтін медико-санитарлық бөлімнің бас дәрігерлігіне ұсынады. Қай жерде қызмет жасаса да Сайлау Жалбырұлы, қарамағындағы қызметкерлерді ұлтына бөлмей, әрбір маманды кәсіби шеберлігіне, мамандығына, адалдығына қарай бағалай білді. Сәкеңнің кішіпейілдігін сол уақыттағы жас дәрігер, қазір жоғарғы дәрежелі мануальды-травматолог, денсаулық сақтау саласының үздігі Сансызбай Муфтахиденов былай деп еске алады: «Сәкеңмен көрші тұрдық. Таңертең жұмысқа бара жатсақ, қалай көріп қалатынын білмеймін, бас дәрігеріміз машинасын тоқтатып бізді алып кететін. Ондай басшылар қайда?! Сәкеңнің тағы бір қасиеті – жас мамандарға қамқорлық жасап жүретін, институтты бітіріп келген Ағзам Елеусізов екеумізге жаңа пәтердің кілтін берді. Бір күні екеумізді шақырып алып, ақыл кеңесін беріп, Ағзам Базылұлын атақты өнертапқыш-травматолог Елизаровтың клиникасына Қорған қаласына, мені Қазақ елінің сынық-жарақат емдеу ғылымының атасы Хафиз Жанабайұлының қарамағына оқуға жолдама беріп, дастархан жайып шығарып салды. Сол біліміміз кейінгі өмірімізге жол ашты, Сәкеңнің жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз». Уақыт өте келе басқа шәкірттері сияқты осы екі азамат та өңірдің денсаулық сақтау ісінің беделді мамандары болды.

Білікті дәрігер, қатаң талап қоя білетін басшы Сәкеңді Жезқазған қалалық ауруханасының бас дәрігеріне, облыстық денсаулық сақтау басшылары бас терапевт қызметіне ұсынады. Сәкең қайда болса да адалдықты ту етіп ұстады, сол мінезімен үзеңгілес азаматтарға да, басшыларға да жақпай Жезқазғаннан «шалғайда» болған кездері де болды. Әділеттік іздеп іштей қиналды, Қарағандыға кетті. Әділетті бір Алладан тіледі. Жаңадан жоспарланып жатқан «Қазақмыстың» медициналық емдеу орталығының директорлығына ұсынылды. Жаңа заманға сай емдеу орталығының алғашқы қазығынан бастап, қабырғасын қалап, ішкі құрылымдарын жабдықтап, тиісті мамандарды топтастырып, қала тұрғындарына әлемдік деңгейде ем-шара көрсетуді армандады.

Сәкеңнің арманы көп еді, бірақ Алланың жазымы олай болмады, өзгеге жүрегінің жылуын бере білгенмен өз жанын ажалдан арашалай алмады. Сәкең көзі тірісінде үкіметтен адал еңбегінің тиісті бағасын алып үлгермеді, бірақ жұбайы Кабира екеуінің құдай берген үш баласы бар: үлкені Алмат жары Баянмен Қарағанды қаласында тұрады, екі баласы бар. Екінші ұлы Талғат жұбайы Тайлянамен үш баласы бар, анасымен бірге тұрады. Әке жолын қуған Эльмирасы әкесі іргетасын қалап берген емдеу орталығының бас дәрігерінің орынбасары, танымал эндокринолог, жұбайы Болат екеуі екі бала тәрбиелеп отыр.

Өзі өмірден өтсе де игілікті ісі, халық денсаулығына деген ізгі амалдары ел есінде мәңгі қалады.

Серік Қолданұлы,
денсаулық сақтау саласының
ардагері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.

Комментарии закрыты.