Туризмнің тың түрлері дамымақ

Елiмiзде сакралды, экологиялық, аңшылық-олжалық, мәдени-танымдық, медициналық, спорттық сияқты өзге де жаңа туризмнің түрлерін дамытуға басты назар аударылады. Бұл туралы Үкiмет үйiнде өткен баспасөз мәжiлiсiнде ҚР мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанның бірлігін нығайтатын және біртұтас азаматтық қауымдастық қалыптастыруға жағдай жасайтын «Үлкен ел – үлкен отбасы» ҚХА-ның ауқымды жобасын әзірлеу және іске асыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстың бәрі Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасын іске асырумен және «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы», «Каспий қақпалары» өңірлік мәдени-туристік кластерлер құрумен байланысты. Осыған орай, Қазақстан Республикасының туристік саласын 2023 жылға дейін дамытудың жаңа Тұжырымдамасы қабылданды.

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, сакралды, экологиялық, аңшылық-олжалық, мәдени-танымдық, медициналық, спорттық сияқты туризмнің өзге де тың түрлерін дамытуға басты назар аударылуда. Мұның тарихы бай біздің Ұлытау-Жезқазған өңірі үшін де тигізер пайдасы аз болмас.

Комментарии закрыты.