Электронды карта құру жұмыстары басталды

Қарағандыда бос жер телімдері көрсетілген электронды карта жасау жұмыстары басталды. Осындай қолжетімді мәлімет базасын кәсіпкерлер бұрыннан бері күткен болатын. Аймағымызда шағын және орта бизнесті дамытуға, инвестицияларды жұмылдыру үшін не қажет екені туралы аппараттық жиналыста облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров айтып берді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз орталығы.

Инвестициялар мен шағын және орта бизнестің дамуы аймағымыздың өсуінің негізі болып табылады, деп атап айтты ол.
– Инвесторлар тарапынан облысымызға деген қызығушылық бар. Өткен аптаның өзінде-ақ біз төрт шет елдік және екі отандық инвесторлармен кездесу өткіздік. Олармен аспап, кабель зауытының құрылысы және тағы да басқа жобаларды жүзеге асыру туралы әңгімелестік, – деді Алмас Айдаров.

Потенциалды инвесторлармен жұмыс барысында мемлекеттік органдардың және мүдделі құрылымдардың дұрыс үйлестірілуін күшейту керек деп есептейді облыс әкімінің орынбасары. Сонымен қатар аймағымызда инвесторларды іздестіру бойынша нақты жүйе құру керек. Ол үшін тауашалы жобалардың тізімі құрылуы қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасы 2050-ші жылға дейін еліміздің ЖІӨ-дегі ШОБ үлесін 50%-ға дейін жеткізу міндетін қойып отыр. Жергілікті билік кәсіпкерлерге жайлы жағдай жасау керек. Аймағымыздың бизнесмендері бос жер телімдері, техникалық қосу шарттары бойынша ақпараттарға қол жеткізу мүмкін еместігін айтып шағымданды.

– Бұл кешегі күннің проблемасына айналуы тиіс. Ол үшін бос жер телімдері мен энерго қуаттылықтардың электронды карталары құрылатын болады. Қазіргі таңда біз бұл жұмыстарды бастап кеттік. Бірінші кезеңде ол Қарағанды мен Теміртау болады, соңыра басқа да қалалар мен аудандарды қамтитын боламыз, – деді Алмас Айдаров.

Комментарии закрыты.