Келелі мәселелер сөз болды

ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары Арман Қожахметов пен Василий Олейниктің қатысуымен алқалы жиын өтіп, онда ауданның өзекті мәселелері мен алдағы жоспарларын талқылады, деп хабарлайды аудан әкіміеің баспасөз орталығы.

Жиын барысында Қазақстан Үкіметінің «Жезқазған, Сәтпаев қалалары мен Ұлытау ауданының 2012-2020 жылдарға дейін кешенді дамыту» жөніндегі қаулысымен қабылданған «Ұлытау — Ел» бағдарламасын іске асырудың жай-жапсары сөз болып, осы мақсатта тау бөктеріндегі туризмге жарамды жерлерді ауданның жер қорына қайтару, Ұлытау – Шұбаркөл – Баршын – Қорғалжын – Астана, Жезқазған – Малшыбай – Шұбаркөл – Баршын – Қорғалжын – Астана бағытындағы автокөлік жолын салу, күрделі жөндеуден өткізу жобасын жоспарға қосу мәселесі көтерілді.

– Бұл жол қосылған жағдайда Ұлытау ауданында туризмді дамытуға қолайлы жағдайлар туындайды. Қазақ халқының тарихи астанасы Ұлытау мен тәуелсіз Қазақстанның ресми астанасы Астана қаласы арасында жаңа туристік маршрут ашылып, қазақ халқының тарихын шетелдік және отандық туристерге көрсетуге мүмкіндік туатын еді, – дейді аудан әкімі Әнуар Омар.

– Жезқазған, Сәтпаев қалалары мен Ұлытау ауданының автотранспорттық инфраструктурасы дамыту, өңірдің дамуына үлкен әсер етеді. Туризмді дамыту мақсатында Ұлытау селосынан орта дәрежедегі ұшақтар қонып, ұша алатын әуежай құрылысын салу да аса қажет, – деді аудан басшысы.

Жиында сондай-ақ, аудан орталығында 50 төсектік типтік жобадағы аурухана мен 300 адам қабылдайтын емхана құрылысын салу, ауылшаруашылығы саласына жеңілдетілген несие беретін құрылымдарының өңірлік филиалдарын ашу және күнделікті халық тұтынатын қызметтерді жақсарту, сапалы қызмет түрлерін оңтайландыру үшін аудан орталығынан ДЭУ – 84 мекемесін ашу, аудан көлемінде жоғары дәрежеде қызмет көрсететін жанар-жағармай бекеттерін салу, ауданның Сарлық, Шеңбер, Егінді, Алғабас селолық округтерінің орталықтарын ұялы байланыспен қамтамасыз ету және Ұлытау селосына орталық жылу қазандығын салу мәселелері қарастырылды.

Комментарии закрыты.