Тәртіпке назар аударуды тапсырды

Сейсенбіде қала әкімі Асқар Ыдырысовтың төрағалық етуімен кезекті кеңейтілген аппараттық жиын болып өтті. Онда қала әкімінің орынбасарлары өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарды саралап берді.

Аппараттық жиын әдеттегідей марапаттау шарасымен басталды. Бұл жолы қала басшысы бірқатар кәсіпкерлерді жетістіктерімен құттықтап, Қарағанды облысының «Атамекен» аумақтық кәсіпкерлер Палатасының Алғыс хатымен марапаттады.

– Үстіміздегі жылдың шілде айында Қарағанды қаласында «Қазақстанның үздік тауары» деген атпен тауар өндірушілер арасында байқау-көрме өткен болатын. Осы шараға біздің қаламыздан 4 кәсіпкер қатысып, бақтарын сынаған еді. Бүгін, міне, соның нәтижесін көріп отырмыз, – дей келіп, әкім марапат иелеріне Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті.

Бұдан соң қала басшысы Қазақстан Республикасы Премьер Министрінің қатысуымен Теміртау қаласында өткен алқалы жиын жайлы қысқаша баяндап өтті.

Қазақстан магниткасының қараша­ңырағы саналатын қалада болған жиынға моноқалалардың келешегі арқау болды. Үкімет басшысының айтуынша елімізде 27 моноқала бар екен. Онда 2 миллионнан астам тұрғын өмір сүруде. Осы азаматтардың келелі келешегі үшін қолдан келгеннің бәрі жасалатын болады. Одан Сәтбаев қаласы да қалыс қалмақ емес. Мұнда таяу жылдары таза ауыз су мәселесі түбегейлі шешімін таппақ.

Әкім Асқар Ыдырысов жиында сөз болған осы және өзге де өзекті мәселелерді қала активіне жеткізді.

Аппарат жиынында қала әкімінің орынбасарлары өз салалары бойынша есеп берді. Жиынға қатысушылар әсіресе қаланың коммуналдық саласы мен тазалық және сәулетіне қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.

Жиында сондай-ақ, Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды. Қала басшысы бұл бағыттағы жұмысты ширатып, насихат пен ақпараттандыру жағын жетілдіруді, елді осы рухани істерге жұмылдыруды тапсырды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Асқар Ыдырысов орынбасарлары мен күштік құрылымдар мен мекеме, ұжым басшыларына қадау-қадау міндеттер жүктеді. Қала тазалығы, сәулеті, қоғамдық тәртіп, қылмыстың алдын алу мәселелеріне баса назар аударуды тапсырды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.