Үйлестіру Кеңесінде тыңдалды

Өткен аптада Сәтбаев қаласы әкімдігі жанынан құрылған Денсаулық қорғау жөніндегі үйлестіру Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оны қала әкімінің орынбасары, осы кеңестің төрайымы М.Мәдиева ашып, жүргізді.

Кеңестің күн тәртібінде туберкулез ауруының бүгінгі күнгі жағдайы және ВИЧ/СПИД індетіне қарсы күрес шараларының жүзеге асырылуы төңірегіндегі мәселелер қаралды.

Алдымен СПИД ҚО эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі В.В.Цой «Жезқазған қалалық СПИД-тің алдын алу және күрес орталығы» мемлекеттік мекемесі жұмысының қорытындысы жайлы бейне көрсетілім түрінде баяндады. Баяндамашы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, оның орындалу барысын мәлімдеді. Бүгінгі күні бұл індеттің ана кіндігі арқылы және жыныстық қатынас арқылы жұғу түрінің басым екендігі сөз болды. Осыған байланысты алдағы уақытта Сәтбаев қаласынан сенім тірегін ашу керектігі айтылды. Бұл аурумен Жезқазған аумағы бойынша 29 адам есепте тұрады екен.

Осы мәселеге орай, қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Г.Джакипова ВИЧ/СПИД індетімен күрес жолындағы 2010-2011 оқу жылдарындағы атқарылған іс-шараларға  тоқталды. Қала бойынша және мектепішілік өткізілген акциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер т.б. көптеген жұмыстың арқасында қол жеткізген жақсы көрсеткіштерін жариялады.

Халықтың әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты індеттің бірі – туберкулез ауруы.

Бүгінгі күні қала бойынша туберкулез ауруының жағдайы, онымен күрес жөнінде  Жезқазған аймақтық туберкулезге қарсы күрес диспансері емханасының меңгерушісі М.Оразбекова баяндады.

Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша туберкулезбен ауырғандар саны едәуір төмендеген. Аймақтық салауатты өмір салты орталығымен бірлесіп лекция, дөңгелек үстелдер, семинар-тренингтер өткізіліп, әңгіме, сауалнама т.б. үгіт-насихат түрлері тұрақты жүргізілген. Ең қауіпті ошақ – қаңғыбастар мен нашақорлар. Туберкулездің ашық түрімен ауыратындар да, ауруды таратушылар да осылар. Сондықтан ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп рейдтер өткізу, белгілі тұрағы жоқтарды тез арада анықтау тапсырылды.

Осы сұрақ төңірегінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Т.Қапарова, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Ғ.Сүтбаев, қалалық ІІБ бастығының орынбасары А.Каримов атқарылған жұмыстар жайлы мәлімет берді. Бұл мәліметтерге сүйенсек, туберкулезбен ауыратын бір адамға пәтер бөлінген, стационардан ем алып шығып, амбулаториялық емін жалғастырып жүрген науқастардың барлығына дерлік 15 мың теңгеден әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Атап айтарлығы – бұл игі шараны облыс бойынша біздің қала алғашқы болып бастапты. Ал, Астана күніне орай 20 науқасқа азық-түлік берілген.

Одан әрі жыныстық қатынас арқылы тарайтын жұқпалы ауруларды болдырмау жолындағы атқарылып жатқан жұмыс пен қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жөнінде Сәтбаев қаласы тері-венерология кабинетінің дәрігері Т.Қылышбековтың хабарламасы тыңдалды. Мерез ауруының алдын алу үшін жұмылдыру тобын құру ұсынылды.

Кеңес мәжілісін қорытындылай келе, М.Мәдиева жұмысты босаңсытпауды, аталған міндеттердің алдын алу жұмысын күшейтуді, қандай ауру болса да дер кезінде анықтауды тапсырды.

Кеңестің отырысына санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының, қалалық емхананың, әкім аппаратының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, кәсіпкерлік бөлімдерінің мамандары мен отбасылық дәрігерлер амбулаториясының аға дәрігерлері қатысты.

М.Жаппасбаева, Кеңес мүшесі.

Комментарии закрыты.