Өмірден өткендерді құрметтейік

Алланың қалауымен бұл өмірге келгеннен кейін патша болсын, кедей болсын, біреудің жалғызы ма, көптің бірі ме, еркек пе, әйел ме, қорықса да, қашса да құтылмайды, бақилық болады. Ал енді өмірден өткен бауырларымызды қалай құрметтеп жүрміз? Сол жөнінде ой бөлісуді жөн көрдім.

Ата-бабаларымыз терең ойлы, өте мәдениетті, бауырмал болған дер едім. Біреудің қуанышына қуанып, қайғысын бөлісіп, жылағанға жұбаныш бола білген. Тіпті қаралы хабарды туыстарына естірткенде де олардың ішінде жүйкесі тозғандары бар, сырқаттары бар, қарттары бар сабырлықпен, жанын жараламай, тұспалдап, жұмсақ, астарлы сөзбен естірткен. Біз кейде өлікті жөнелткенде де көп орынсыз ысырапқа жол беріп жатамыз. Кім болса да жақыны өмірден озғанда бар күшін салады ештеңе аямайды, бірақ тірі адамның көңілін аулаймыз да, дүниеден өткен жақынымыздың мәңгілік сапарға шығарып салу рәсімінде соған сауап болсын деп неге ойламаймыз? Марқұм болған үйде, жақындары жамбасы жерге тимей жатып шара – шара нан пісіріліп, қазан-қазан ет асылып жатады, аштан келгендей сол үйден тамақ ішіп жатады, тіпті кейде дүниеден өткен жас қыршын оң жақта жатқанда, сол жақта пенделердің, көңілді тамақ ішіп отырғаны ақылға қонбайды. Жақынын жоғалтқан үйге жақындары сол шаңырақтың қайғысын бөлісу үшін барады, басына қара жамылған адамның кісі күтуге шамасы болмайтыны айдай анық. Кейінгі кездері ысырапшылыққа жол беріп, тіпті 150-200 адамға дейін тойханада қонақасы бергенге де куә болып жүрміз, ол астан дүниеден өткен адамға қандай сауап? Егер алыстан жол жүріп келген кісілерге болса басқа үйде, не көршілерде елеусіз ғана тамақ әзірлесе айып емес.
Біз қуанышта, қайғыда кейде өзімізді өзіміз ұстай алмаймыз. Жаназаға келген кейбір әйелдер тойға келгендей омыраулары ашық, толық денесіне тар шалбар киіп, басы ұйпа-тұйпа болып келгендері әдепсіздік. Ер азаматтардың да намазға тұрмай, күбір-күбір дүниенің таусылмайтын, күйбең әңгімесін айтып тұрғаны жараспайды.

Халықтың жағдайы жақсарған сайын той дастарханы мен жаназа, құдайы дастарханын ажырата алмай барамыз. Дегенмен біреудің басына бұлт төнгенде, дастарханға бар тәтті тағамдарды қойып, кейде сол тамаққа бір де бір адам қол тигізбейтін жайлар болады, ол ысырап емес пе?
Тағы бір айта кететін жайт – қабірдің басына белгі қою. Шариғатта дүниеден өткен адамның жатқан жеріне аты-жөні жазылған тас, мал жүріп аяқ асты болмайтындай кеудеден келетіндей қорған болса болады дейді. Мен 2014 жылы Алла нәсіп етіп, мұсылманның парызының бірі қажылық сапарда Меккеде бір жаназада болдым, байқағаным – қабірстан аумағы адам бойындай қорғанмен қоршалған, ішінде қатар-қатар аты-жөні жазылған мәйіт топырағы. Сондай ата-бабалар көрсетіп кеткен жолмен тура жүрсек адаспаймыз. Сәтбаев қаласынан батысқа қарай 18 шақырым жерде Қосай атаның қорымы бар, міне сол қорым Меккедегі қабірстан сияқты, мәйіттің аты-жөні жазылып, қатар-қатар қойылған. Мұқият тәртіппен қойылғаны сондай бұдан 50-60 жыл дүниеден өткен жақындарын іздеген адам бұл қорымда қай жерде жатқанын, қабір басындағы сызба-кітаптан тез тауып ала қояды. Соңғы уақытта қай өңірге барсаң да қала сыртында, жол бойында зәулім-зәулім, бірінен бірі өткен, әшекейленген екінші «қалашық» бой көтеріп келе жатыр, касында шашылып жатқан құрылыс қалдықтары, дүниеден өткен таныстарыңыздың қабірін бірден іздеп табу қиын. Сол зәулім құрылыстардан туыстарына келер сауап бар ма? Судың да сұрауы бар, сол құрылысқа кеткен қаржыны дүниеден өткен адамның отбасына, солардың бала-шағасын оқытуға, не болмаса жетім-жесірлерге, не медресе шәкірттерін оқытуға берсе сауабы мол болар еді.

Мен біреудің қалтасын түгендеп, не ақыл айтудан аулақпын, бірақ Алла жолында жүргесін, Құдайдың құлы болғасын сауабы бар істі ойға салу. Осы ойда таяуда ғана жарыққа шыққан Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының, Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының басшылығымен шыққан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітабы біраз түйінді шешеді деп ойлаймын. Бірлік бар жерде тірлік бар, бір Әбу Ханифа мәзһабын ұстаған әрбір мұсылман Қазақстан діни басқармасының пәтуасын әр елді-мекенде қолдаған абзал.

Серік Қолданұлы,
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.

Комментарии закрыты.