Біздің міндет – жедел қызмет

Кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын, елді-мекендердің тіршілігін қамтамасыз ете отырып, тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға көлік саласының қызметкерлері елеулі үлес қосып келеді. Солардың бірі – қаламыздағы медициналық жедел жәрдем стансасы. Аталмыш бригада сапында күн-түн демей үздіксіз еңбек етіп келе жатқан бөлімшенің жүргізуші-механигі Айдарбеков Қайрат Жайлыбайұлын әңгімеге тартқан едік.

– Қайрат Жайлы­байұлы, Сізді алдымен өткен кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз. Осы салада тынымсыз еңбек етіп келе жатқаныңызға 11 жылдан асыпты. Бұл қызметке қалай келдіңіз?

– Қазіргі заман жеделділікті, ықшамдылықты қажет етеді. Сол талапты барынша орындау үшін көлік құралы аса маңызды материал сынды. Себебі онсыз баяулап қалатындай күй кешетініміз анық. Ал, енді, дәл менің қызметімде бұл өте қажет. Себебі, адам өмірін ажалдан арашалап қалу үшін дер кезінде ем-дом жасау – медицина саласының басты қағидаты. Мен еңбек өтілімді алғашында КамАЗ жүргізушісі ретінде бастадым. Жезқазған қаласы облыс дәрежесіне ие кезде жүк тасылмалдаушы болып еңбек еттім. Кейін жедел жәрдем бөлімшесінің жүргізушісі ретінде орналастым. Қазір механик қызметіндемін.

– Жұмыстарыңыз қа­лай жүргізіледі?

– Біз ауысыммен еңбек етеміз. 1 тәулік істеп, 3 күн демаламыз. 7 жедел жәрдем көлігі мен оған иелік ететін 28 жүргізуші бар. Күніне шамамен 100-ге тарта хабарлама түседі. Жалған қоңыраулар да соғылып жатады. Осы жағдайларға қарамастан қызметімізді үздіксіз орындап жүрміз. Шақырылым түскен жерге барып, оны ауруханаға жеткізу міндетіміз. Кей кездері науқастың көп қабатты үйде тұруына байланысты, оны жоғарыдан түсіру үлкен қиынға соғады.

– Жұмыс барысында есте қалған, есіңізге түсетін жайттар орын алды ма?

– Өмір мен өлім арасында жүреміз десем, артық айтпағандығым болар. Бізге түсетін жедел коңыраулардың басым бөлігі жол-көлік апаты болған жерлерден түсіп жатады. Сол жерде тілге келмей кеткен адамдар, медициналық көмекке зәру азаматтар болады. Біз барынша сол аман қалған адамдарды уақытында ауруханаға жеткіземіз. Басты мақсатымыз – осы.

– Көлік тасымал құралы болған соң, кей кезде істен шығып жатады. Сіздерде мұндай жағдайлар орын алғанда қалай әрекет етесіздер?

– Шақырылым кездерінде көлік сынған жағдайларды кездестірмедік. Бөлімшедегі барлық көлік іске жарамды. Барлығы тексерістен өтіп тұрады. Оның бұзылуы анық болса, шақырылым барысында ауыстырылады.

– Кей отбасылардың бір кәсіпті дөңгелетіп отырғандардан хабардармыз. Сіздің отбасыңызға бұл кәсіпке деген көзқарас қалай? Ізіңізді жалғастырушылар бар ма?

– Отбасымдағылардың барлығы осы медицина саласының маңайында. Жарым – медбике, ұлда­рымның бірі осы стансада фельдшер болып еңбек етеді. Ал, екінші балам теміржолшы мамандығында оқиды.

– Әңгімеңізге рахмет!

P.S. Кеңгір өлкесінің тумасы Қайрат Жайлы­байұлымен әңгіме­ барысында оның өз ісіне адал екендігін байқадық. Сұқбат алу үшін барғанымызда жедел шақыртуға ілігіпті. Аз-кем күтуге тура келді. Өзгермейтін бір қағида бар, ол – өз кәсібіңе адал болу.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.