Қызықты экскурсия

Өткен аптада қалалық білім бөлімі «Туған жер» бағдарламасы аясында Ұлытау аймағында орналасқан тарихи орындарға экскурсия ұйымдастырды. Оған білім беру мекемелерінің дарынды оқушылары барды. Рухани шараға Қарағанды облысы «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Ербол Сармурзин келіп қатысты.

Экскурсия барысында Абай атындағы № 4 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Әсем Абдраимова тарихи ескерткіштердің шығу тарихы жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырды. Біз ең әуелі Қаракеңгір өзенінің оң жақ аңғарында орналасқан Алаша хан кесенесіне тоқтадық. Кесене 12-13 ғасырларда халық шеберлерінің қолымен салынған бірден-бір ерекше архитектуралық ғимарат. Мазардың биіктігі 10 метр, күйдірілген жұқалтаң қызыл кірпіштен қаланған. Сырт пішіні кірпіштен әр түрлі кескінді өрнекпен әрленген. Өрнектің түрлері әсіресе кіреберіс бетінде шығыс кілемнің суретімен безендірілген.

Алаша хан туралы ең алғаш ғалым-этнограф Шоқан Уәлиханов жазған. Ол ел жадындағы тарихи аңыздарды жинақтап, Алаша хан кесенесі жайлы деректерді хатқа түсірген. Ғалымның пікірінше, Түркістанның бір ханы баласы «ала» болып туылғандықтан, ұнатпай Сыр бойынан Арқаға жібереді. Ел есінде сақталып, бүгінге жеткен аңыздардың бір желісі бойынша әлгі «ала» бала аз уақыт ішінде жанына жақын жігіттерді жинап, елде беделі асады. Алаш атанады. Алаш білімпаз, кемеңгер кісі болғандықтан, оны халқы қадірлеп, хан көтерді делінеді. Сапар барысында біз Алаша хан, кесене жайлы, толық мағлұмат алдық.

Экскурсиямыздың келесі бағыты Жошы хан кесенесі болды. Тарихи деректерге сүйенсек, кесене XIII ғасырда салынған. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы (1187-1227) өзінің керемет дипломатиялық қабілетімен, мінезімен, ақылдылығымен және білімге деген құштарлығымен ел арасында өте сыйлы болған тұлға. Кесенеге ХХ ғасырдың 40-50 жылдары археолог Әлкей Марғұланның зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нақты дерек көздерін тауып, жан-жақты зерттеген.

Жошы хан өлімі туралы да ел арасында әр түрлі аңыздар бар. Нөкерлерімен аңға шыққан Жошыны құлан шайнап өлтірген делінеді соның бір парасында. Ол жайлы «Ақсақ құлан» деген күй де шыққан.

Осындай экскурсия сабақтардан кейін, біздің бойымызда туған өлкеміздің тарихын тереңірек білуге деген құлшыныс сезімі пайда болды.  Экскурсия өте пайдалы, әрі қызықты өтті.

Батырлан Әбіл.
Абай атындағы № 4 мектеп-лицейінің
9 «А» сынып оқушысы.

Комментарии закрыты.