Көмектің жаңа түрі енгізілді

Елімізде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек енгізіледі. Аталмыш көмектің ерекшелігі – мемлекеттік қолдауға ие болу. Жәрдемақыны ала отырып жұмыспен қамту шаралары жүргізіледі және әлеуметтік бейімдеу болады.

Мұнда қазіргі таңда қолданыстағы «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» иелерінен басқа, көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы мен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек түрлерінің бірігуі нәтижесінде жүзеге асады. Жаңа тәсілдің қолданыстағы жүйеден айырмашылығы: жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің міндетті түрде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуы шартымен, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайыздан төмен отбасыларына тағайындалады. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайыз арасындағы айырма түрінде есептеледі.

Жаңа үлгіде ақшалай көмек 2 түрге бөлінеді.

Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларына (қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті 7 себептермен қатыса алмайтын отбасыларына (7 жасқа дейінгі балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Олардың жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы талап етілмейді.

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасына әлеуметтік келісім-шарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі.
Тұлғаларға ақшалай көмекті ұсыну үшін, оған жұмысқа орналасуға көмек беріледі, қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі.Осылайша, отбасының кедейлік жағдайынан шығу мүмкіндігін ынталандырады.

Сонымен бірге, Сәтбаев қаласында 2015 жылғы 1 шілдеден бастап әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа әдістері «Өрлеу» пилоттық жобасы арқылы жүргізілуде.Бұл мақсатқа 2017 жылы республикалық бюджеттен 1636,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 1631,0 мың теңге қарастырылған. «Өрлеу» жобасының аясында көрсетілетін шартты ақшалай көмектің жалпы сомасы 2922,8 мың теңге көлемінде 27 отбасынан 103 адамға тағайындалды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бел­­сенді шараларына 29 адам қатысты: 4 адам төленетін қоғамдық жұмысқа, 6 – қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру оқуына жіберілген, 3 – уақытша жұмысқа және 16 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

А.Қыпшақбай, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Өрлеу» жобасының
ассистенті.

Комментарии закрыты.