Кәсіпкерлермен кездесті

Өткен жұма күні қала әкімі Бауыржан Шыңғысов қаламыздағы кіші және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Кездесуге Жезқазған аймағының өнеркәсіп және кәсіпкерлік ассоциациясының атқарушы директоры Қанат Құлмағанбетов, Сәтбаев қаласының кәсіпкерлер  ассоциациясының теңтөрағасы Владимир Юстус, қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

Жиында қаламыздағы кәсіпкерліктің даму қарқыны сөз болды. Қала әкімінің орынбасары А.Ким 2011 жылдың І жартыжылдығындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ІІ жартыжылдықтағы атқарылатын істер жөнінде баяндаса, екінші деңгейлі банктердің басшылары кіші және орта бизнесті несиелендіру жайына тоқталды.

Қ.Құлмағанбетов қала кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіп, демеуде қазіргі таңда ассоциацияның атқарып отырған жұмыстары қомақты екенін, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бел шешкен ынталы азаматтарға үнемі қолдау болатынын айта келе, кәсіпкерлердің сұрағына жауап берді.

Одан кейін қалалық Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің наиб имамы Ержігіт Досымбаев 1 тамызда Рамазан айы келіп, барша мұсылман 30 күн ораза ұстайтынын айта келе, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти  Әбсаттар қажы Дерібсәлінің кәсіпкерлердің азық-түлік және т.б.өнімдерді жеңілдікпен сату жөніндегі үндеуін жеткізді.
Қазіргі таңда қалада өз жеке ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысып жатқан жандар көп. Алайда, қала тазалығын естен шығарып алатын жеке кәсіпкерлер де бар.  Өзінің жекеменшігінің айналасын бейсенбі, сенбі күндері абаттандырып, көркейту жұмыстарында белсенділіктің жетіспеушілігін, жарықтандыру жұмыстарының әлі де болса кемшін екенін, жылу маусымы берілетін кезде кәсіпкерлік нысандарда жылу құбырларын шаю, жөндеу жұмыстарына атсалысуы олқы тартып жататынын жеткізген қала басшысының орынбасары Қ.Шайжанов жеке кәсіпкерлерге осы кемшіліктерге аса мән берулерін сұрады.
Қалалық ішкі істер бөлімінің қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары Ш.Аликперов түнгі уақытта кәмелеттік жасқа толмағандарға алкогольді ішімдік сатудың азаймай тұрғанын тілге тиек етіп, кәсіпкерлерден бұл мәселені шешуді сұрады.

Қала басшысы Б.Шыңғысов кәсіпкерлер тарапынан келіп түскен сұрақтарына жауап бере келе, 15-ші шілдеден 15-ші тамызға дейін қала кәсіпкерлерінің арасында өз нысандарын жарықтандыру бойынша байқау жарияланып, үздік жарықтандырылған кәсіпкерлік нысанның иесіне ақшалай сыйақы тапсырылатынын айтты. Сондай-ақ, Бауыржан Қабденұлы кәсіпкерлердің қайырымдылық шараларына да белсенді атсалысуы керектігін атап өтті.

Кездесу соңында қала басшысы кәсіпкерлерді қаланың дамуына қосып отырған үлестеріне алғыс айта келе, жұмысты босаңсытпауды тапсырды.

Енді бұл кездесу айына бір рет өтіп тұратын болып шешілді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.