Әкім кубогі – сәтбаевтықтарда

Газетімізде бұдан бұрын да хабарланғанындай аймағымыздың футбол сүйер жастары Сәтбаев қаласы әкімінің кубогын сарапқа салды. Араға бір ай салып бұл доп додасының да үздіктері анықталды. Сейсенбіде «Қазақстан» спорт-сауықтыру кешенінің футбол манежінде аталған ашық біріншіліктің салтанатты жабылу шарасы өтіп, жарыс жеңімпаздары ұлықталды.

«Спортқа ден қойған жастар үшін бұл үлкен белес» – деп сөзін бастаған қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина жарысқа атсалысқан азаматтарға алғысын жеткізді. «Қаламызда спортты, оның ішінде футболды насихаттап жүрген сіздерге қарап жасөспірімдердің де қызығушылығы артады» – деді Айгүл Қосманқызы.

Орайы келгенде айта кетейік, бір ай көлемінде өткізілген турнир осымен 17-інші мәрте ұйымдастырылып отыр. Дәстүрге айналған додаға қызығушылық танытқан әуесқой футбол командаларының да қатары жыл санап өсіп келеді. Бұл жолы өзара бақ сынасып, нәтижесінде үздік шыққан 3 команда марапат төрінен көрінді. Тіпті ойын кезінде үздік көрінгендер де елеусіз қалмады. Марапат барысында «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылдаушы», «Үздік ойыншы» сынды номинациялар табысталды.

Сонымен, ІІІ орынды жезқазғандық «Надежда» командасы місе тұтса, «Барыс» клубы ІІ орынды иеленді. Ал Бас жүлде – қала әкімінің кубогы өзімізде қалды. Оны «Сәтбаев» командасы иеленіп, жеңімпаз атанды. Жүлдегерлерге марапаттау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар берілді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген Е.Ванюшов.

Комментарии закрыты.