Ел ардақтаған асыл ана

Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағатында «Сәтбаев қаласының құрметті азаматтары» қоры 2002 жылы ашылған. Сол жеке тектік қор иегерлерінің бірі – Шабал Бейсенбекқызы. Шабал апамыздың бір ғасырға жуық қиындық пен қуанышқа толы ғұмырын осы қордағы құжаттар арқылы да оқып білуге болады.

Шабал апай әке-шешесінің маңдайға басқан жалғызы, бір үйдің үкілеген үміті, ұлы да, қызы да – өзі. Бала кезден жадында өшпестей жатталып қалған жыр-дастандардың әсерінен ана тілінің құдіретіне тәнті болып сөз өнеріне, сахна өнеріне құмар болып өсті. Ананың сүтімен бойына сіңген сөз өнеріне деген осы бір құштарлық оны Жезқазған кентіндегі №7 қазақ мектебін бітірген соң ару қала Алматыға қарай жетеледі. Бұл жоғары оқу орнының қабырғасында жас студент қыз Мәлік Ғабдуллин, Қажым Жұмағалиев, Темірғали Нұртазин, Әбікен Әбілқайыров, Сәрсен Аманжолов сынды Қазақстанның ғұлама ғалымдарынан дәріс алады.

Алматыда өткен студенттік жылдар тағдырындағы ерекше бір жарқын шақ еді. Осы қалада өмірлік серігі Мұзараф Ахановты кезіктірді. Бір қызығы Мұзаға мен Шабал апамыз бір мектепте бітіргенімен, бірін-бірі танымайтын. №7 мектептің әр жылдардағы екі түлегі Алматыда табысып, тағдырларын қосты.

Қазақ педагогика институтының тарих-филология факультетін бітірген жас маман еңбек жолын 1959 жылы Жезқазған кентіндегі өзін қанаттандырған №7 қазақ орта мектебінде мұғалімдіктен бастады. Әрбір адам өзін қызмет бабында, жүрген ортасында жетілдіретіні, дамытатыны белгілі. Шабал Бейсенбекқызының да үлкендерден, тәжірибелі мамандардан үйренді, қатарына қарап бой түзеді. Солардың арасында математика пәнінің мұғалімі Рәпия Қосыбаева мен тарих пәнінің маманы Жұмағали Құлманов, мектеп директоры Хакима Жомартбаева сияқты ұлағатты ұстаздарды ерекше атауға болады. «Бала жанының бағбаны» деп атауға лайық әріптестерімнің арасында Тыныштық Әбдісалықованың орны ерекше» деп еске алады Шабал Бейсенбекқызы.
Осындай аға буын ұстаздардың үлгі-өнегесімен тәжірибесін байытып, еңбегімен көзге түскен жас маман Шабал Бейсенбекқызы сегіз жылдан кейін, №10 орта мектептің директорлығына көтеріліп, содан құрметті зейнеткерлік демалысына шыққанға дейін №27 мектептің басшысы болып, қазақ мектебінің беделін биікке көтерді. Өйткені, нақ осы орта мектеп облыс бойынша озық тәжірибе алмасудың орталығы болатын. Мектепте пән үйірмелерінен басқа көркемөнер үйірмелері, қазақ халқының ұлттық аспаптар үйірмесі, үрмелі аспаптар, би, хор, эстрадалық оркестр, драма үйірмелері жұмыс жасады.

Шабал Бейсенбекқызын еліне елеулі, халқына қалаулы еткен оның 55 жылдық ұстаздық еңбегі ғана емес, сонымен қоса тоғыз бала тәрбиелеп өсірген, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған асыл ана, Мұзараф ағамызға лайықты адал жар, енесіне аяулы келін бола білген ерекше қасиеттері де. «Тағылымы мол ата-анадан текті ұрпақ тарайды» демей ме, Шабал апай мен Мұзараф ағаның тоғыз баласы да еңбекқор, табанды болып өсіп, қазіргі таңда қаламыздың, қала берді еліміздің мақтаныштары болып отыр.

Биылғы жыл – ұлағатты ұстаздың өміріндегі ерекше бір кезең. Наурыздың алғашқы күнінде туылған Шабал Бейсенбекқызы 80 жасқа толды.

А.Қыдыралиева,
Сәтбаев қаласының мемлекеттік
мұрағатының архивисі.

Комментарии закрыты.