Бұқаралық спортқа қызығушылық көп

Елімізде тамыз айының үшінші жексенбісі спорт күні деп бекітілген. Бүгінде бұл мереке халық арасында кеңінен тойланбаса да, спортты жанына серік еткендердің айтулы күндерінің қатарынан санауға болады…

Қазіргі таңда қаламызда бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға арналған шаралар көптеп ұйымдастырылып келеді. Осындай іс-шаралардың өтуіне «Сәтбаев қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» мекемесі тікелей атсалысып, барлық игі істердің басы-қасында жүр. Сөзіміз дәлелді болу үшін цифрларға да азғана тоқтала кетейік. Бір жыл ішінде аталған мекеме 174 спорттық іс-шараны өткізуді жоспарлаған. Ал, жыл басынан бері оның 82-сін өткізген көрінеді. Оған 9 мыңнан астам адам қатысқан. Олардың ішінде қалалық, облыстық, республикалық тіпті халықаралық деңгейдегі жарыстар да бар. Сәуір айында дзюдодан халықаралық турнир өткізілсе, маусым айында 600 қатысушының басын біріктірген әйелдер спартакиадасы жоғары деңгейде өткен.
Бұлар тек ірі спорттық шаралары ғана. Ал қала тұрғындарының қатысуымен өткен бұқаралық спорт түрлері өз алдына.
– Біздің негізгі міндетіміз – бұқаралық спортты дамыту, – дейді мекеме басшысы Зухрап Жұмабекұлы. – Бұлардың барлығы салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған шаралар. Яғни, осы жарыстар арқылы біз қарапайым халықтың қызығушылығын оята аламыз. Бұқаралық спортпен айналысуға үгіттейміз. Ал оның түпкі мақсаты халықтың денсаулығын нығайтып, өмір сүру жасын ұзарту.
Бөлім басшысының сөзіне қарағанда айтылған мақсатқа жетудің барлық мүмкіндіктері бар көрінеді. Биылғы жылдан бастап қаламыздағы спорт сауықтыру кешені осы мекеменің қарамағына өткен екен. Мұнымен қоса кәсіби спортшыларды дайындайтын балалар жасөспірімдер спорт мектебі де бөлімнің басты назарында.
Бұқаралық спорт – ол жаппай спорт түрлері. Ол жас талғамайды. Тобықтай бала да, томардай ересектер де онымен айналыса береді. Шектеу жоқ. Спорт бөлімі бұл саланың дамуын басты назарға қойған.
– Қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту үшін көптеген жарыс­тар ұйымдастырылды. Аула клубтары арасында кең таралған спорт түрлері – футболдан, волейболдан, стритболдан, жеңіл атлетикадан жарыс өткізілді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды да спорттың кез келген түрінен қалыс қалдырған емеспіз. Сайыстарды құр өткізіп қана қоймай, барша атсалысқан қатысушыларды ақшалай немесе бағалы сыйлықтармен марапаттап отырамыз. Осылайша тұрғындарды жаппай спортқа қызығушылықтарын арттырудамыз, – деді Зухрап Даумбаев.
Сөйте тұра, мекеменің қордаланып қалған мәселелері де жоқ емес сыңайлы. Солардың бірі – маман тапшылығы.
– Бізде қазір мамандардың жетіспеушілігі қолбайлау болып отыр. Кей спорт түрлерінен жаттықтыратын бапкерлер саны аз. Спорт-сауықтыру кешені қазыналық кәсіпорын ретінде өткеннен кейін, «Қазақмыс» корпорациясы құрамында болған мамандардың барлығы қаржының аздығынан жан-жаққа кетіп қалды. Бұл жағын айтып өтпеске болмайды. Кадр жетіспеушілігінен кей спорттың кенжелеп қалатыны осыдан, – дейді. Бұл да бөлімнің басты назарда тұрған мәселесі.
Орайы келгенде тамыз айының үшінші жексенбісі күні аталып өтетін спорт күнінің қаламызда қаншалықты деңгейде мәнге ие екенін де сұрап көрдік.
– Спорт күні жыл ішінде болған сайыстардың қорытындысы іспетті. Бұл айтулы күні көптеген жарыстарды өткізуді жоспарлап отырған жайымыз бар. Және жыл басынан үздік көрінгендерді марапаттамақпыз. Биыл үшінші жыл «үздік ойыншы», «үздік бапкер» сынды 8 номинация бойынша мықтыларды анықтап жатырмыз. Оларды көлемді ақшалай сыйлықтар күтеді. Бұл күнді естен кетпестей өткізуге жұмыс атқарудамыз, – дейді бөлім басшысы.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.