Мектеп ауласын саябақ дерсіз

Жас ұлғайған сайын адамнан ұйқы қашады ғой. Ерте оянып алған соң, балалардың ұйқысын бөлмейін деп есік алдына шығып, алдындағы №16 мектептің ауласына келіп таза ауамен тыныстап отыратыным бар…

Сонда отырып мектеп мұғалімдері мен оқушыларының тынымсыз еңбегін көріп жаным рахаттанып қалады. Таңғы сегізден келген оқушылар мектеп ауласындағы бақтың арам шөптерін жұлып, гүлдерді суарып, ағаштардың түбін қопарып жүргені. Бір тыным таппайды. Сондай еңбектің арқасында мектеп ауласы шағын саябаққа айналған. Көңілге де, көзге де қуаныш ұялатады. Осындайда, қиялыңа қанат бітіп, шабыттанып кетесің. Содан барып: «Ей, адамзат баласы! Табиғат сені тоңғанда күнімен жылытты, ыстықта жасыл желекті ағашымен сая болды, мөлдір, таза суымен сусындатты. Сен жерден өніп, ұрпақ өсіріп, ғасырдан ғасырға жалғасып келесің, сен табиғаттан сұлулықты үйрендің. Ендеше сол табиғатты мейлінше аялай біл» деген тілегімді де іштей айтып отырамын.
Жалпы, мектеп ұжымының осындай аз ғана істермен оқушыларды еңбекке баулуы құптарлық жайт. Сол арқылы қоршаған орта гүлденіп, айналасына нұрын шашып тұр емес пе?!

Моряк Жаманов,
Сәтбаев даңғылы 156 үйдің тұрғыны.

Комментарии закрыты.