«Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» Бұл жобаға кімдер лайықты?

Өткен аптада қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендинаның төрағалық етуімен «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының тізімін жасау мақсатында құрылған комиссияның отырысы болып өтті.

Отырыста комиссия мүшелері «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасына кімдер лайықты? Үміткерлерді таңдау үшін қандай критерийлер мен бағдарларды жасау қажет?»  деген  сауалдарға жауап іздеді.
– Президентіміз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының бастауын белгілеп берді. Жоба нақты мәселелерді шешуге бағдарланған. Қоғамға өз ақылымен, қолдарымен және талантымен заманауи Қазақстанды жасауға ат салысқан адамдардың шын келбетін көрсету, ақпараттық қолдау көрсетудің жаңа мультимедиялық алаңын құру және біздің еңбегі ерен замандастарымызды елге таныстыру жобаның басты мақсаты. Осы мақсатта «100 жаңа тұлғалар» жобаларының тек жалпыұлттық қана емес, сонымен қатар, аймақтық та жобаларын құру күн тәртібінде тұр. Бүгін біз осы мәселені пысықтау үшін жиналып отырмыз, – деді Айгүл Қосманқызы отырысты ашып.
Орайы келгенде айта кетейік, Елбасы өзінің аталмыш мақаласында: «Қазақстан жетістігінің тарихы – бұл оның өнегелі азаматтарының іс-әрекеттерінің нәтижесі. Әр жеңістің артында біздің замандастарымыздың жеке жетістіктері тұр. Олардың еңбектерінің синергиялық серпілісі, Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанға адами дамудың жоғары әлеуеті бар елдердің санына кіруді ғана емес, сонымен қатар, одан әрі қарқынды даму үшін жағдай жасайды» деп бұл жобаның маңыздылығына кең мазмұнда тоқталған болатын.
Иә, бұл мемлекеттің болашағы үшін ауадай қажет игі бастама. Азаматтардың ел игілігі жолында атқарған табанды еңбегі мен тарихи ерліктері жылнамалардың сарғайған парағына айналып, мұрағаттарда шаң басып жатпай, ұрпақтардың үнемі назарында тұруы керек. Тек оны іске асыру үшін дұрыс таңдау жасалуы қажет. Жиналғандар осы жағына баса назар аударды. – Жобаға енетін азаматтар қатарында тек танымал тұлғаларды  ғана емес, өмір жолы үлгі тұтуға лайық қарапайым азаматтар да кіруі керек.  Сәтбаев қаласын елімізге танытқан, мемлекетіміздің көркеюіне зор үлес қосқан нағыз азаматтардың шынайы болмысын жалпақ жұртқа үлгі етіп көрсетуіміз қажет, – деді отырыста «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Вечерний Сатпаев» газетінің бас редакторы Абдолла Дастанов.
Жиында комиссия мүшелері аталмыш жобаның ел өміріндегі маңыздылығына тоқталып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.