«Айгөлек» – демалыс мекені

Қазіргі таңда білім беру жүйесінде азаматтық және ұлттық негізде жеке тұлғаны дамыту және қалыптастыру үшін көптеген жұмыстар жасалуда. Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, интеллектуалдық деңгейі биік азамат етіп тәрбиелеуде, әсіресе, мектептің алатын орны айрықша.

Өткен бейсенбіде №16 жалпы білім беретін орта мектепте «Айгөлек» жазғы сауықтыру алаңының ІІ маусымының жабылу салтанаты өтті. Оған қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, мектеп директоры Қ.Смайлов, тәрбиешілер мен балалар қатысты. Серік Имамбайдың құттықтау сөзінен кейін, ІІ ауысымда демалған бүлдіршіндер өздерінің дайындаған қорытынды концерттік бағдарламасын ұсынды.

–    «Айгөлек» сауықтыру алаңының І ауысымында 100 бала қатысса, ІІ ауысымда 90 бала қатысты. Олар – көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыдан шыққан және диспансерлік есептегі балалар. Жалпы сауықтыру алаңына қатысқан балалар 4 топқа бөлінді: «Балдәурен», «Еркетай», «Ұлан», «Жұлдыз». Сауықтыру алаңы ашылған күннен бастап балалар арасында «Жаны саудың – тәні сау» атты көңілді спорттық жарыс, «До, ре, ми, фа, соль» караокемен ән айту байқауы, «Біздің Тәуелсіз Қазақстан» атты шығармашылық жұмыстар байқауы, «Жаз аруы – 2011» байқаулары өткізілді. Астананың туған күніне орай «Астана – ару қала» атты интеллектуалдық викториналар ойнатылып, «Ел ордасы – Астана» тақырыбында мәнерлеп оқу сайысы өтті. Бұл сайыста оқушылар Астана қаласына деген ыстық лебіздерін өлең жолдары арқылы жеткізе білді.

Сонымен қатар, Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайына апарып, кино көрсеттік. Балалар батутта секіріп, көңіл көтерді. Қалалық өрт сөндіру бөліміне саяхат жасадық. Соның арқасында бүлдіршіндер өрт сөндірушілердің қиын жұмысымен танысып, өрт қауіпсіздігі жайлы көптеген мәліметтер алды. Барлық байқау мен сайыстардан соң оқушылар грамота, алғыс хаттармен марапатталды. Осы шілде айында өткен көптеген мерекелерге арналып қалалық деңгейде ұйымдастырылған байқаулардың барлығына біздің сауықтыру алаңымыздың балалары қатысты. Біздің оқушылар барған жерлерінен міндетті түрде әр түрлі дәрежедегі орындардың жүлдегерлері және номинациялардың иегерлері болды.

Біз «Айгөлек» сауықтыру алаңына келген оқушылардың барлығы риза, жазғы демалыстарын өте қызықты өткізді деген сенімдеміз, – деді сауықтыру алаңының басшысы Гүлнар Садуақасова.

Қалалық мәслихаттың атынан С.Имамбай көп балалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан екі балаға «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Орленок» санаторийінің ІІІ ауысымына баруға жолдама берді.
Концерттік бағдарламада балалардың орындауында «Шалқан» ертегісінен көрініс қойылды. Өз кейіпкерлерін жоғары деңгейде сомдаған жас әртістер көрермендер тарапынан ду қол шапалаққа ие болды. Осыдан соң, «Шара-бум» ойыны өтіп, «Қара жорға» биі орындалды. Сауықтыру алаңының жабылу салтанаты «Айгөлек» әнімен аяқталып, бағдарлама соңы би кешіне ұласты.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.