Қазыбек бидің 350 жылдығы ерекше тойланбақ

Қарағанды облысында Қазыбек бидің 350 жылдығын атап өту бойынша орасан зор салтанатты шаралар басталады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өзінің Егіндібұлаққа жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Ерлан Қошанов Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығын атап өтуге қатысты дайындық жұмыстарының барысымен танысып қайтты.
Облыс әкімі қазақтың ғұлама биі және шешені, қоғам қайраткері Казыбек бидің 350 жылдығына орай салынған стелланы қарап шықты. Мерейтойлық шаралар дәл осы нысанның салтанатты ашылуынан бастау алады.
– Мені Егіндібұлақтың тұрғындарының бабамыздың 350 жылдығына тыңғылықты дайындалып жатқаны қатты қуантады. Бұл ауқымды шара тек Қарқаралы ауданы мен Қарағанды облысы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан тұрғындары үшін де үлкен маңызға ие. Біз барлығымыз осы мерекенің лайықты өтуіне үлесімізді қосуымыз қажет, – деді Ерлан Қошанов.
Орайы келгенде айта кетейік мерейтой 19 тамызда Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ кентінде басталады. Ауыл маңында жүздеген ақшаңқан киіз үйлер тігіледі. Мерекелік шараға жоғары лауазымды қонақтар келеді деп күтілуде, оның ішінде ҚР Мемлекеттік Хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова бар.
Бұл күні Қаз дауысты Қазыбек би жолымен «Бабаларға тағзым!» автокеруені бастау алады. Керуенге 28 адам қатысып, олар 7 көлікпен Қарқаралы, Бұқар Жырау, Жаңаарқа және Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Ташкент, Науаи, Шымкент, Тараз, Балқаш қалалары, Ақтоғай және Шет аудандары арқылы өтеді. Ал 30-шы тамызда Қарағанды қаласында мәреге жетеді.
20-шы тамызда Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында Моңғолия, Қытай, Қызғызстан және Қазақстанның ақындары қатысатын халықаралық айтыс болады. Той дүбірі қазақша күрес және бәйге сынды ұлттық спорттық жарыстарымен жалғасады. Жеңімпаздар актокөлік, мотоцикл, квадроцикл және тұрмыстық техникалармен марапатталады.
Қазыбек бидің 350 жылдығын тойлау мұнымен тәмамдалмайды. Үш ай аралығында түрлі халықаралық конференциялар өткізу, жыршы-термешілердің республикалық байқауын ұйымдастыру, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында өзара серіктестік туралы меморандум құру, Қарағанды облысы делегациясының Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне ресми сапары, еске алу асы, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында «Қазыбек би» спектаклінің премьерасы, Қазақстан Ұлттық мұражайының қорынан Қаз дауысты Қазыбек бидің шапаны көрсетілетін көрменің ашылу салтанатын өткізу, 2 томдық кітап шығару, деректі фильм және фотоальбом шығару жоспарланып отыр.

Комментарии закрыты.