Жұмыссыздықты жоюдың жаңа бағдарламасы

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ағымдағы жылдың 28 қаңтарындағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке әкімдермен бірлесіп еңбек нарығының тиімділігін арттыру, табысы аз адамдарды, жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен айналысушыларды жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесудің белсенді бағдарламаларын  әзірлеуді тапсырған болатын.

Жолдауды іске асыру мақсатында Үкіметтің 2011 жылғы 31 наурызындағы №316 қаулысымен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы қабылданды.

Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында біздің қалада бірінші шілдеден бастап жұмыспен қамту орталығы ашылып, жұмыс жасауда.

Қазақстан азаматтарының жағдайын жақсартуды көздейтін бағдарламаның жүзеге асуының басты тетігі – жұмыссыздарды қайта оқыту курсынан өткізіп, мамандығына сай құжаттандыру болып табылады. Осы бағытта қандай жұмыс атқарылып жатқаны жайында  қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Айгүл Бөрібаевадан білген болатынбыз:

– Айгүл Бақияқызы, бағдарламаның бірінші бағыты – жұмыссыз азаматтарды оқыту мен қайта даярлау курсы жайына тоқталып кетсеңіз…

– Жаңа «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының бірінші бағытының аясында азаматтарға отыз алты айдан аспайтын кәсіптік оқу мен алты айдан аспайтын қайта оқу курстары ұсынылады. Оқу орнына дейін және кері жол жүруіне, жатаханада тұруына немесе үйді жалға алумен байланысты шығындар мемлекеттік бюджет тарапынан төленеді, кәсіптік оқуға жіберілгендерге ай сайын шәкіртақы беріледі. Бағдарламаға қатысушы әрбір жеке азаматқа әлеуметтік келісімшарт жасалады. Кәсіпорындарда әлеуметтік жұмыс орындарын он екі айға ашу және мемлекеттің жалақыны ішінара субсидиялауы көзделуде. Мемлекеттік жалақыны ішінара субсидиялау 12 ай бойы мынадай шарттармен: алғашқы 6 айда жалақының 50 пайызынан асырмай; келесі 3 айда жалақының 30 пайызынан асырмай; соңғы 3 айда жалақының 15 пайызынан асырмай жүзеге асырылуы көзделуде.  Әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған бағдарламаға қатысушылардың бір айдағы жалақысына берілетін субсидия мөлшері, салықтар мен әлеуметтік аударымдарды есептемегенде, алғашқы 6 айда 26 мың теңгеден аспайтын болады. Жұмыс берушілердің бағдарламаға қатысушыларды кейін жұмысқа орналастыра отырып, кәсіптік даярлауға тікелей қатысу мүмкіндігі болжанған. Бұл жағдайда 2012 жылдан бастап тиісті мамандықтар үшін мемлекеттік білім беру ұйымдарында белгіленген оқу құны бойынша бағдарламаға қатысушыларды оқытумен байланысты жұмыс берушілердің шығыстарының 70% дейін өтеу енгізіліп отыр.

– Біздің қалада осы бағытта қандай мамандықтар бойынша азаматтар оқытылады және олардың жұмысқа орналасу жайы қалай шешіледі?

– Сәтбаев қаласы бойынша кәсіптік оқытуға «Акушерлік іс» мамандығы бойынша 5 адам 2 жыл 10 ай оқу мерзіміне оқуға жіберіледі. Үш ай оқу мерзіміне электргазбен дәнекерлеу, электромонтер, жөндеу және электр жабдықтау қызметі, ЭЕМ операторы мамандықтарына қайта даярлауға 31 адам жіберілетін болса, 2 ай оқу мерзіміне аспаз, кондитер мамандықтары бойынша біліктілігін арттыруға байланысты 20 адам оқиды. Біздің бөлімде жұмыссыздар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандардың тізімінде тұрған еңбекке жарамды азаматтар өз өтініштерін жұмыспен қамту орталығына береді және қажетті құжаттарды дайындап өткізеді. Азаматтардың берген өтінішін қала әкімдігінің 2011 жылғы 5-ші мамырдағы №09/08 қаулысымен құрылған комиссия қарап, қанағаттанарлық деп шешсе, азаматтарға өзінің мамандығы бойынша оқуға жолдама береді. Жұмыссыздар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар оқуын тәмамдаған соң сертификат беріледі. Оқуды бітіріп шыққаннан соң, олардың жұмысқа орналасуына бар мүмкіндік жасалады.

Қорыта айтқанда, бағдарлама әлеуметтің әлеуетін арттырып, еліміздің экономикалық өсуін көздеп отыр.

Сұхбаттасқан Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.