Ынтымақтың ұйытқысы – Ата Заң

Ата Заңның арқасында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Өткен жылдар ішінде қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуде Конституциялық принцип және оның нормасы еліміздің тәуелсіздігін, экономикалық реформасын нығайтудың басты құралына айналды. Елде заңдылық пен конституциялық тәртіптің салтанат құруы негізгі қағидаға айналды.

Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық, халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асыратындығы, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға беретіндігі, Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайтындығы, халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге республика Президентінің, сондай-ақ Парламенттің де құқығы бар екендігі Ата заңның 3 бабында айтылған.
Конституция бойынша еліміздің басқару билігінің үш түрі – заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің құзыреттері нақтыланған. Биліктің заң шығарушы тармағы – Парламент, атқарушы тармағы – Үкімет, сот билігін тек қана сот жүзеге асырады. Конституция – Қазақстан Президентінің бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы, мемлекеттік билік пен басқаруды жүйелеудегі, түрлі саладағы түбегейлі реформаларды орындаудағы, демократиялық институттарды дамытып, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асырудағы нық қадамдарының берік тұғырнамасы.
Ата Заңның принциптері мен ұстанымдарына сәйкес, қол жеткізілген табыстар мен болашақ мақсаттар, әсіресе, Елбасы ұсынған 5 институционалды реформа мен Қазақстан халқының назарына аталған реформаларды жүзеге асырудың «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» халықтың тағдырында маңызы зор. Елбасының «Мәңгілік ел» жолындағы стратегиялық тапсырмаларын сапалы заңнамалық қамтамасыз ету бағытында атқарылуы тиіс жұмыстарды ел болып атқару баршаға міндет.
Қорыта келгенде, біздің жаңа Конституциямыз, еліміздің рәміздері халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы аңсаған шынайы егемендікке қол жеткізгендігінің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан республикамыздың әрбір азаматы Ата Заңымыздың мазмұнын жете біліп, оның талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік нышандарды құрметтеуге міндетті.

Ж.Дауылбаева,
Сәтбаев қалалық сотының жетекші маманы.

Комментарии закрыты.