Өз ісінің шебері

«Осындай да тақырып болады екен-ау. Әрбір адам өз ісінің шебері емес пе?»
Мақалаға көзі түскен адамның ойына келер алғашқы сұрақтың осылай болары заңды да. Бірақ, әр адамның белгілі бір мамандықты игеріп, сол істі атқаруы бар да, оған жанын сала беріліп, шынайы шеберлікпен жасауы бар. Менің тақырыпты осылай алуым да сол азаматтың өз ісіне деген адалдығы мен оны бар жан-тәнімен беріле атқаруына байланысты болып отыр…

Әңгімені әріден бастайын. Асылы, шаһарымызды кеншілерсіз елестету әсте мүмкін емес. Қаламыздың күн санап көркеюі де сол шыңыраудан кен шығарып, байлығымызды еселеп жатқан кеншілердің арқасында десек артық айтпағандығымыз болар. Бағдарлы бағыт алып, сол саланы жетік меңгеруге дағдыланғандар да кеншілер. Қанша мақтау айтылса да оларға жараса береді. Қыруар қайрат иелеріне айтылар алғыс та орасан. Себебі, олар – еңбек адамдары. Жәй ғана еңбек адамы емес, өз істерінің шынайы мамандары. Сондай жандардың бірі – Қанат Сұрауханов.
Қанат Ұлытау ауданы, Қаракеңгір ауылының тумасы. 1981 жылы дүниеге келген ол орта мектепті аяқтай сала кәсіптік білім алу үшін Сәтбаев қаласына келіп, осындағы кәсіптік колледжден электрослесарь мамандығын алып шыққан. Әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын да өтеп келіпті. Өз ортасына оралған жас жігіт Оңтүстік Жезқазған кенішінің 65 шахтасына орналасыпты. Бүгін де дәл сол кен орнында 13 жылға жуық еңбек етіп келеді.
– Шеберлік дегеніңіз тәжірибемен келеді екен. Бәрін бір сәтте үйреніп алу мүмкін емес. Алғашында жұмысқа орналасқанда аздап қиналған кездерім де болды. Әйтсе де, ұжымдағы алдыңғы толқын ағалардың ақыл-кеңесі мамандығымды жетік меңгеруіме септігін тигізді. Осы саланың қыр-сырын меңгерген азаматтар үйретті, көрген-білгендерімен бөлісті. Соның арқасында қазір білікті еңбеккерлердің қатарындамын десем артық емес деп ойлаймын, – дейді Қанат Көшіханұлы алғашқы еңбек жылдарын еске алып.
Көпбалалы отбасыдан шыққан оның аға-інілері де өмірлерін кен өндіру ісімен байланыстырған көрінеді. Бүгінде екі бірдей інісі шахтада жұмыс жасайды. Кенші мамандығы отбасылық кәсіптеріне айналғанын ол мақтан етеді.
– Отбасымызда ұлдардың біразы осы саланы таңдадық. Қазір елеулі еңбек етіп келеміз. Тұрақты жұмыс қашан да берекелі келеді ғой, – деп ағынан жарылады Қанат.
Білікті маман тек өзінің қарақан басының ғана қамын ойламай, өз маңайындағыларға да қолұшын беруді дағдыға айналдырған. Жұмысқа енді ден қойған жастарға да үлгі. Мұны алдыңғы буын ағалардан дарыған қасиет деп бағалайды.
– Жастарға қарап өзімнің жұмысқа енді орналасқан кезім есіме түседі. Мен де олар сияқты жұмыс істеуге құштар болдым. Қазір өзім де оларға бағдар беріп отырамын. Сабақтастық деген осы болар, – дейді кенші.
Еңбегінің жемісін көріп отырған Қанат Сұрауханов бүгінде үлгілі шаңырақтың отағасы. Жары Сұлушашпен 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.