«Жақсыны көрмек үшін» деген…

Бүкіл әлемдік ЭКСПО көрмелері адамзаттың технологиялық жетістіктерін көрсету үшін өткізіледі. Қазақстан – Советтік кезеңнен кейінгі кеңістікте мұндай шараны өткізуге құқық алған алғашқы мемлекет.

Жақында осы тарихи оқиғаның куәсі болып, ЭКСПО көрмесіне барып қайттым. Алған әсерім керемет! Бес мың шаршы метр жерде орналасқан сегіз қабаттан тұратын шар тәріздес ғимарат Қазақстанның жаңартылатын энергия көзінің әлеуетін паш етеді. Көрменің бас павильоны ЭКСПО аяқталғаннан кейін «жасыл» энергетика саласындағы ең алдыңғы қатарлы технологияны көрсететін мұрағат ретінде жұмыс атқарады. Ал, ЭКСПО қалашығының орнында «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастайды. Өкінішке орай, ЭКСПО көрмесін аралауға бір ғана күн бөле алдық. Көрме өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған, көретін нәрселер де жетерлік, 9 сағаттың ішінде еш жерге тоқтамай, жалпылай көріп шыққанның өзінде, көрменің тек жартысын ғана көріп үлгердік.
Біз көрмені тамашалауды «Нұр Әлем» павильонынан бастадық, бұл – Қазақстан павильоны, көрме иесіне тән ең үлкен павильон. Бірінші қабат дәстүр мен тарихқа арналған, ал әрбір келесі қабаты жаңартылатын энергия көзінің бір түріне – космос, күн, жел, су, биомассалар, механикалық және кинетикалық энергияларға арналған. Ерекше атап өтетіні, әрбір стендтің қасында жастардың жұмыс атқаруы, олар бәрін егжей-тегжейлі баяндап, сұрақтарға жауап береді және көрме қонақтарымен қызыға әңгімелеседі.
Біз көрмеге қатысушы басқа да елдердің павильондарын араладық, бірақ, бәрін көруге үлгермедік. Ол жерде мемлекет туралы ақпаратты алумен қатар, жаңартылатын энергия көздерін болашақта қалай және қай жерде пайдаланып жатқандығын білуге болады.
Кешке лазерлік шоуға қатысудың да сәті түсті, өте жоғарғы деңгейде өтті. Көрмедегі кейбір павильондарда естелікке әр түрлі заттар сатып алуға болады. Қатысушы елдердің ішінде Германия, Оңтүстік Корея, Бразилия павильондары есте қаларлықтай, олар толықтай интерактивті, үлкен және соңы лазерлік шоумен аяқталады. Өзіме көрме қатты ұнады, қажетті ақпарат та алдым әрі демалдым. Экология үшін күресу процесінің жүргізілуін бақылауға, энергияны тиімді пайдалануды және оның жаңа түрлері туралы көп мағлұмат алуға болады. Сәтбаевтықтарға еліміздің тарихында орын алатын мұндай керемет көрмені тамашалап қайтуға кеңес беремін. «Жақсыны көрмек үшін» деген, өкінбейсіз!

Қ.Балмағамбетов,
Сәтбаев қалалық маслихатының
депутаты.

Комментарии закрыты.