Үздік спортшылар марапатталды

Жыл сайын Спорт күніне орай аймағымызда бұқаралық спортты дамытуға, үлкен додаларда топ жарып, қаламыздың абыройын асқақтатып жүрген спортшыларды марапаттау дәстүрге айналған. Осы іс биыл да жалғасын тапты.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «мынау» деген мықты спортшылар мен жаттықтырушылар анықталып, қала әкімінің арнайы сыйлығы мен дипломына ие болды.
Салтанатты шарада қала әкімі Асқар Ыдырысов қаланың барлық спортшылары мен жанкүйерлерін, спорт саласының ардагерлері мен жас буынын спорт күнімен құттықтап, осы салада қол жеткізген жетістіктер мен алда тұрған асулар жайлы айтты.
Бұдан соң қала басшысы спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан қомақты үлесі үшін Қ.Тоқтыбаев пен Б.Өмірзақовқа Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының Құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ, әкім бір топ спортшыларды Алғыс хатпен марапаттады.
Бұдан әрі кезек қала әкімінің арнайы сыйлығына берілді. Алғашқы болып «Бұқаралық спорттың үздіктері» сарапқа түсті. Номинацияға үміткер үш спортшының ішінен А.Хасенованың бәсі басым түсіп, арнайы диплом мен 50 мың теңгені қанжығасына байлады. Өзге екі спортшы да құр алақан қалған жоқ. Мәселен, М.Сәкеновке 25 мың теңге бұйырса, А.Бегежанова 15 тың теңгеге ие болды.
Келесі кезекте «Үздік спорт ардагері» анықталып, бұл атақ пен арнайы 50 мың сыйлық Әзірбек Молдағалиевке бұйырды. Ю.Апарин мен Ш.Нысанбаев та кәдеден құр қалған жоқ.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызметкерлер арасындағы үздік спортшы (Ж.Исабеков) мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы үздік спортшы (Д.Әлиякпаров) да, үздік спортшыл мектеп (№16 мектеп) те, үздік ұйымдастырушы (Е.Күнпейсов) да, жылдың үздік бапкері (Т.Дударь) де анықталып, әкімнің арнайы сыйлығымен марапатталды.
Ал, қала әкімінің басты сыйлығы «Жылдың үздік спортшысы» номинациясына Ксения Романчук лайықты деп танылып, арнайы диплом мен 100 мың теңге ақшалай сыйақыға ие болды. Бұл номинация бойынша бақ сынасқан спортшылар Е.Парамонова 50 мың теңгені, Н.Рахымберді 25 мың теңгені иемденді. Екеуіне де арнайы диплом тапсырылды.

Ізтай Белгібайұлы.
Суретті түсірген Е.Ванюшов.

Комментарии закрыты.