Нысандардың хал-ахуалымен танысты

Сейсенбі күні қала басшысы Бауыржан Шыңғысов, орынбасары Қ.Шайжанов мекемелердің бір топ жауапты басшыларымен  «МысШина» өнеркәсіп ошағы мен Жезқазған кентінде орналасқан «Мерей» балалар үйінің, М.Құлышева атындағы «Балалық шақ» отбасылық балалар үйінің жұмысымен танысып қайтты.

Әуелі қала басшысы  2009 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан ауыр салмақты автоқотарғыштар мен қуатты кен тиеу қондырғыларының тозған дөңгелегін қайта қалпына келтіретін «МысШина» зауытының тыныс-тіршілігімен танысты.

Зауыт басшысы В.Тюрин Бауыржан Қабденұлын зауыт цехының жұмысымен таныстырды. Цех толығымен жаңа шетелдік қондырғылармен жабдықталып, өндіріс қуаты толық автоматтандырылған. Мұнда әкелінген барлық ақауы бар дөңгелектер диагностикадан өтіп, жөнделіп, қалыпқа келтіріледі. Қайта өңдеуден өткен дөңгелектердің ақауының жоқтығына көз жеткізу үшін екінші рет диагностикадан өтіп, сырланған соң, дайын өнімдер цехқа жіберіледі. Зауыт басшысының айтуынша, 2011 жылға 1200 дөңгелекті жаңартып шығаруға мүмкіндік бар. «Қазақмыс» корпорациясының сұранысын қамтамасыз ететін зауытта 82 жұмыскер еңбек етеді. Жұмыскерлерге барлық жағдай жасалған.

Қала басшысы зауытты толығымен аралап шыққаннан соң, Жезқазған кентіндегі М.Әуезов көшесі бойында орналасқан саябаққа соқты. Бұл саябақ ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында толық жөндеуден өтуде. Саябақта жезқазғандық «Қайнар ТМ» ЖШС-нің 22 жұмыскері 17 миллионның жұмысын атқарып жатыр. Тас жолдар төселіп, саябақтың басына хауыз салынып, 15 шам бағаны, 15 орындық, қоқыс жәшіктері орнатылмақ. Атқарушы директор Әбдіманап Рахымтаевтың айтуынша, 1 шілдеде басталған жұмыс 25 тамызда аяқталып, тапсырылатын болады.

Қала басшысы Жезқазған кентінің әкімі Ербол Құсайыновқа саябақтың мерзімінде аяқталуын, кенттің тазалығына баса мән беруді тапсырды.

Одан кейін, Бауыржан Қабденұлы «Мерей» мен «Балалық шақ» отбасылық балалар үйінде болды. Қырық бес балаға арналған «Мерей» балалар үйіне басшылық жасап отырған Б.Мақашова  тәрбиеленушілерге мұнда барлық жағдайдың жасалғанын тілге тиек етіп, балалардың жататын бөлмелерін, асханасын көрсете келіп, балалар үйінің ауласының тарлығын айтып, айналасына орындықтар орнатуға көмек беруін сұрады. Қала басшысы қолдан келген көмекті аямайтынын жеткізді.

Білікті басшы Ә.Әбенов басқарып отырған «Балалық шақ» отбасылық балалар үйінде 60 бала тәрбиеленуде. Қала әкімі он бес-он бес баладан топтасып, 4 отбасыға бөлінген тәрбиеленушілерге барлық жағдайдың жасалғанына көз жеткізді. Биылғы жылы балалар үйінің 11 тәрбиеленушісі  9-сыныпты бітіріп, Астана, Жезқазған және Сәтбаев қаласында орналасқан «Қазақмыс» корпорациясының колледжіне құжаттарын тапсырып қойыпты.

Б.Шыңғысов балалар үйінің ауласында орналасқан толық аяқталмаған жылыжайдың орнын абаттандыру мен көгалдандырып, балалар ойнайтын алаңға айналдыру керектігін жеткізіп, кент әкіміне тапсырма жүктеді.

Қос балалар үйінің тәрбиеленушілері жазғы демалыста «Орлёнок», «Нұр» санаторийлерінде демалып жатыр.

Қала әкімі тексеріс соңында барлық нысандардың басшыларына жұмысты күшейте түсуді тапсырып, біріге жұмыс атқаруға шақырды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.